Елімізде 2023-2024 күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық басталып кетті. Өткен маусымда табиғи газды пайдалану бойынша тарихи рекорд тіркелді. Қаңтар айында көгілдір отынды пайдалану максимумы байқалған. Қыстың қатты болуы салдарынан тәулігіне 95 мың текше метр газ пайдаланылды.
QazaqGaz, ұлттық компаниясының болжамынша тұтыну көлемі әлі де өсе береді. Тиісінше, газ тарату желілеріне де жүктеме ұлғаяды. Сол себепті қазірден бастап келесі маусымға дайындық қамы қолға алынған.
«Өткен жылдың желтоқсан айында газ тұтынудың максимум көрсеткішіне куә болдық. Дайындықты ерте бастағанымыздың арқасында, жылыту маусымы апатсыз аяқталып, халыққа газ үздіксіз берілді», – деді «QazaqGaz ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Әрине, газды белсенді тұтынған жақсы, алайда көгілдір отын ресурсын үнемді пайдалануға шақырамыз, дейді газ мамандары. Үй ысып кетсе, есік пен терезені ашпай, керісінше фасад, төбе, еденге энергияны сақтайтын стеклопакеттерді орнатып, газды үнемді тұтынуға болатынын айтады.
Жылыту маусымына дайындық аясында мамандар магистралды және газ тарату желілерінің жағдайын тексеріп жатыр. Мамандар жеке тұрғын үйлердің тұрғындарына үйдегі газ құрылғыларын тексеріп, өз қауіпсіздіктерін ойлауға шақырады. Келесі жылыту маусымына барлық дайындық жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады.
Газ тарату желілерін түгендеу жұмыстары толық көлемде жүргізілуде. Сондай-ақ газ тасымалдау жүйесінің пункттері де тексеріліп жатыр. 24 сағаттық режимде төтенше жағдайлар аймақтарын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бес бригада тәулік бойы қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылған. Сондай-ақ жабдықты ауыстыру және техникалық қызмет көрсету мәселелері де шешіліп жатыр.