Қазақстан қор биржасы АҚ (KASE) және KASE клиринг орталығы АҚ (KACC) бүгін Abu Dhabi Securities Exchange (ADX) құрған Тabadul Digital Exchange Hub цифрлық биржалық хабына ресми түрде қосылғанын хабарлады.
KASE Tabadul мүшелерінің тізіміне енген алтыншы қор нарығы болып отыр.
Бұл ынтымақтастық ұйымдар арасындағы екіжақты кросс-биржалық сауда-саттықты жүзеге асыруға, олардың стратегиялық серіктестігін нығайтуға және екі биржа арасындағы іскерлік қатынастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, KASE-нің Tabadul Hub-ына қосылуы сауда тетіктерін оңтайландыруды және екі биржада бағасы белгіленетін бағалы қағаздарды екіжақты сауда-саттыққа қолжетімді ете отырып, инвесторлардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.
ADX Tabadul хабын 2022 жылдың шілде айында нарыққа өзара қол жеткізу моделі бойынша жұмыс істейтін аймақтағы алғашқы цифрлық алмасу орталығы ретінде іске қосты. Платформа инвесторларға халықаралық қатысушы биржаларда сауда-саттық жүргізуге мүмкіндік беретін, биржалармен байланысты брокерлік фирмаларға қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ететін биржалардың цифрлық желісін құрады. Tabadul хабында банктік, қаржылық қызметтер мен энергетикадан бастап телекоммуникацияға дейінгі әртүрлі секторлардың саудаланатын бағалы қағаздарына қол жеткізе алатын миллионнан астам инвесторлар тіркелген.
«Қазақстан қор биржасының Tabadul Hub-ына қосылуы қазақстандық қаржы нарығының қатысушыларына тиімді инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Tabadul Hub-ына қолжетімділікті қамтамасыз ету қазақстандық қор нарығында өтімділікті арттыруға және жеке, сол сияқты институционалдық шетелдік инвесторлар санын ұлғайтуға ықпал ететін болады. Қазақстандық инвесторлар Tabadul Hub-ына қосылған биржаларда, атап айтқанда Abu Dhabi Securities Exchange (ADX), Bahrain Bourse (BHB), Muscat Stock Exchange (MSX) биржаларында шетелдік бағалы қағаздармен сауда-саттық жүргізе алады. Тағы бірнеше халықаралық биржалар осы жүйеге қосылу бойынша жұмыс жүргізуде. Биржа мүшелерінің мәмілелері бойынша есеп айырысулар KASE клиринг орталығы арқылы қазақстандық валюта теңгемен жүргізіледі», — деді KASE Басқарма Төрағасы Алина Алдамберген.
Tabadul Hub-ына қосылудың техникалық жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, бұл ретте қазақстандық Freedom Finance Global және Halyk Finance брокерлік компаниялары Tabadul қызметін қолдануда, ал бірнеше басқа жергілікті брокерлер осы жүйеге қосылу процесін қолға алды.
«Біз Қазақстан қор биржасын Tabadul цифрлық биржалық хабында қарсы алуға қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық серіктес биржалар желісін кеіейту және Tabadul хабын халықаралық инвестициялардың жетекші платформасы ретінде тағайындау арқылы ADX-тың жаһандық байланыстарын нығайтуға деген тұрақты мақсатымыздың маңызды бөлігі. KASE және KACC-тың платформаға қосылуының арқасында инвесторлар енді Қазақстанда да, БАӘ-де де инвестициялық мүмкіндіктерге тікелей қол жеткізе алады, бұл ADX және Tabadul тарихының ерекше тарауына айналады. Біздің ынтымақтастығымыз өтімділікті арттырады, нарық тиімділігінің серпінін көрсетеді және инвесторларды белсенді қатысуға ынталандырады», – деп түйіндеді ADX Бас директоры Абдулла Салем Альнуайми.
Tabadul барлық қатысушы нарықтардағы инвесторларға оңай қол жеткізуге болатын сауда-саттық мүмкіндіктерінің кең ауқымын ұсына отырып, аймақ үшін және одан тыс елдерге болашақтағы тұрақты экономикаға қадам жасауды білдіреді. Платформа инвесторлар алушы биржалар белгілеген барлық талаптарға сай болған жағдайда тиісті жергілікті брокерлерде тіркелген инвесторларға қолжетімді болады.