Қазанның қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ долларына 469,64 теңгеге 1,1% нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 162 млн-нан 155 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Қаражатты республикалық бюджетке жіберу үшін Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сатып алу үшін қазанда валюталық түсім 1512 млн АҚШ долларын құрады.

Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 47%-ын және күніне 72 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықта бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын үнемі және біркелкі сатуды білдіреді. Мұндай тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қазан айында Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 132 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 4%-ын құрады.

Ұлттық Банк «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту мақсатында қазанда 70 млн АҚШ доллары мөлшерінде валютаны сатып алды.

Ұлттық Банк қазанда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Ұлттық Банк қарашада Ұлттық қордан 1,3 млрд-тен 1,4 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды алдын ала жоспарлап отыр. Ол Үкіметтің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде жүзеге асады.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін қарашада 150-ден 200 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде, ал ҚДКҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін 50-ден 70 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алынуы күтіліп отыр. 

Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.