Қарағанды облысында Saran индустриялық аймағында тұрмыстық техника зауытының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын жылына миллионға дейін өнім шығарады және шамамен 1200 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. Өңір колледждерімен бірлесіп кадрлар даярлау басталды.
Қазіргі уақытта бұрынғы РТБ зауытының аумағында өндіріс алаңын дайындап жатырмыз. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргіземіз. Жабдықтарды жеткізу мәселелері шешілуде, – деді «Silk Road Electronics» ЖШС директоры Талғат Әбдірахманов. – Біздің серіктесіміз – «Артель» өзбек компаниясы. Шахтинск колледжінің базасында кадрлар даярлау басталды. Ташкентте тағылымдамадан өтетін кандидаттар тобын жинап үлгердік.
Зауыт кір жуғыш машиналарды, теледидарларды, шаңсорғыштарды, газ плиталарын және басқа да жабдықтарды шығарады. Бірінші кезеңде 300–400 жұмыс орнын, ал толық қуатқа шыққан кезде – 1200 жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Моноқала үшін зәкірлік өндірістердің құрылуы РТБ шағын ауданының дамуына ықпал етті. Мұнда төрт көпқабатты үй қалпына келтірілді.
Тағы 14-і кезең-кезеңімен қайта жөнделеді. Инфрақұрылымға да назар аударылады. Қалпына келтірілетін үйлерге инженерлік коммуникациялардың құрылысы жүргізілуде. № 7 мектеп-интернатты күрделі жөндеу жоспарлануда.
Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалпына келтіріліп жатқан шағын ауданға келіп, тұрғындармен әңгімелесті. Аралау барысында өңір басшысы мектепке кіреберіс жолдарды асфальттауды тапсырды.
– Индустриалды аймақтың пайда болуымен РТБ шағын ауданының әлеуеті көтерілді. Бірте-бірте ол дамиды. Біз жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге тырысамыз, – деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаев Саранның өнеркәсіптік кәсіпорындарына да барды.
Ол кабельдік-өткізгіш, телекоммуникациялық, энергетикалық және теміржол өнімдерін шығаратын «KCEP» ЖШС қызметімен танысты.
Компания ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді және экспортқа жұмыс істейді.
Сонымен қатар, өңір басшысы «Sunpaper» ЖШС қағаз өнімдерінің өндірісін тексерді.