Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысы барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы) мақұлданды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына Заң жобасын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ұсынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Заң жобасының негізгі мақсаты стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық негізде құру және оларды экономикалық айналымға тарту болып табылады.

Мәдина Әбілқасымова стрестік активтерге активтердің 4 тобы жататынын атап өтті: төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттер, қайта құрылымдалған кредиттер, өндіріп алынған мүлік және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері.

Заң жобасы ҚР 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді және мынадай негізгі бағыттардан тұрады.

Заң жобасының бірінші блогы стрестік активтерді сатып алушылардың қолданыстағы тізімін кеңейтуге бағытталған.

Қазіргі уақытта стрестік активтерді сатып алушылардың тізіміне тек мамандандырылған қаржы компаниялары енгізілді, бұл жеке инвесторлардың нарыққа шығуын шектейді. Сондықтан Заң жобасымен бұл тізім оған жеке инвесторларды қосу арқылы кеңейтілетін болады.

Мәдина Әбілқасымова қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің проблемалық қарыздарын ғана сатып алуға рұқсат етілетіні туралы хабарлады. Осылайша, Заң жобасында жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату көзделмейді.

Заңнамалық бастамалардың екінші блогы сервистік компаниялар институтын құруға бағытталған, олар жеке инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсетеді.

Сервистік компаниялардың функцияларын тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге беру ұсынылады.

Заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскерлік беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленетін болады.

Сонымен бірге Заң жобасында жеке инвесторлар үшін ірі корпоративтік қарыздарды дербес басқару мүмкіндігі көзделеді. Өзге жағдайларда жеке инвесторлар қарыздарды сервистік компаниялардың басқаруына беруге міндетті болады.

Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынастарына қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылатын болады.

Заң жобасының үшінші блогы стрестік активтерді экономикалық айналымға тартуды жеделдетуге бағытталған. Түзетулерде өндіріп алынған мүліктің банктердің және микроқаржы ұйымдарының баланстарында болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеу көзделеді.

Нәтижесінде Заң жобасы стрестік активтердің өтімді нарығын нарықтық негізде дамыту үшін қажетті жағдай жасауға және оларды ел экономикасына тартуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Заң жобасын сенаторлар мақұлдады және ол Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.