Астанада Қазақстан мен Өзбекстан Үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Екіжақты құжаттар аясында экономиканың түрлі салаларында ірі жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, Қарағанды облысында Artel тұрмыстық техника өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бірнеше кезеңге бөлінген, толық іске қосу мерзімі – 2025 жыл. Artel бренді бойынша асүй пештері, шаңсорғыштар, теледидарлар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар шығару жоспарланып отыр. Даму әлеуеті – 8,95 млрд доллар, оның 7,97 млрд доллары экспортқа арналған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталды, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, жабдықтардың 10%-ға жуығы жеткізілді.
Жоспар бойынша Қостанай облысында Chevrolet Onix автокөліктерінің шағын бөліктерін құрастыру бойынша өндірісті жолға қою жалғасуда. Жобаны іске қосу «СарыарқаАвтоПром» зауытының базасында 2024 жылдың 1-тоқсанына жоспарланған. Келісім-шарттар жасалып, пісіру, бояу, құрастыру цехтарына қажетті құрал-жабдықтар дайындалуда.
Шымкент қаласында және Түркістан облысында тоқыма кешендерін құру жобалары белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. 2023 жылдың сәуір айында тараптар тәжірибе ретінде өзбек мақта тұқымын егіп, оны кейіннен «Zhanassyl» зауытында өңдеу туралы келісімге келді. Қазір облыс бойынша 30 га-ға «Наманган – 77» жаңа тұқымы себілді.
Ірі инфрақұрылымдық жобалармен қатар, тараптар агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар бойынша өзара қарқынды іс-қимыл жасауда. Бұл – жеміс-жидек дақылдарын өңдеу, күнбағыс майын өңдеу зауытының құрылысы, 20 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу кешенінің құрылысы және т.б.
Кездесу кезінде өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында қатысушылар шекара бекеттерінің өткізу қабілетін арттыру, қазақстандық көмірді Өзбекстанға тасымалдау тарифтерін арттыру, «Қытай – Қазақстан – Өзбекстан – Түркіменстан – Иран» мультимодальды көлік бағытын жанжандыру мүмкіндіктерін талқылады.
Өзбекстан аумағы арқылы қазақстандық ұн өнімдерінің транзитіне тарифтерді төмендету мүмкіндігін талқылауға ерекше назар аударылды. Қазақстаннан Өзбекстан аумағы арқылы Ауғанстанға ұн экспортының көлемі 2017 жылы тарихи максимумға жетіп 1 209 мың тоннаға жетті. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеді: 2021 жылы – 536 мың тонна, 2022 жылы – 816 мың тонна. Биылғы 6 айда – небәрі 275 мың тонна.
Еліміздің Ауғанстанға ұн экспорттаудағы әлеуетінің зор екенін ескере отырып, қазақстандық тарап Өзбекстан арқылы Ауғанстанға теміржол көлігімен транзиттік тасымалдауға базалық тарифке преференциялар беру мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішпен өзбек тарапына жүгінді. Отырысқа қатысушылар теміржол тасымалының қолайлы тарифтік шарттарын талқылау және нақты ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен сараптамалық жұмыс тобын құруға келісті.