Биыл қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда 302 тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылық жасалды, бұл бір жыл бұрынғыдан біреуге көп.
Анықтама үшін: 2022 жылдың осы кезеңінде секторда 301 осындай құқық бұзушылық тіркелген. Ол кезде көрсеткіш 1,6% азайған.
Өңірлер бойынша тұрмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Павлодар облысында жасалған: 31 іс – бір жыл бұрынғыдан 3,3% артық.
Одан кейін Алматы облысы (30 іс, бір жылда 23,1% азайған) және Астана (27 іс, былтырғымен бірдей). Артынша Қостанай (26 іс) және Қарағанды (23 іс) облыстары.
Ең аз көрсеткіш Алматы қаласында, сондай-ақ Абай және Маңғыстау облыстарында.
Биыл төрт айда тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтардың үштен бірінен астамы (35,1%-ы) денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге қатысты: 106 іс, бір жыл бұрын 117 болған (9,4% азайды).
Сондай-ақ қасақана денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру: 100 құқық бұзушылық, бір жылда 10,7% азайған.
Жиі кездесетін тұрмыстық құқық бұзушылықтардың қатарында кісі өлтіру (33 іс), абайсызда денсаулыққа зиян келтіру (9 іс), зорлау (7 іс) және ұсақ ұрлық (7 іс) бар.
Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының көпшілігі әкімшілік істерге жатқызылғанымен, біз қылмыстық құқық бұзушылық туралы айтып отырғанымызды ескеріңіз. Оның үстіне тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған құқық бұзушылардың басым көпшілігі жауапкершіліктен жалтарады, деп хабарлайды Zakon.kz.
1 шілдеден бастап полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жазбаша арызын күтпей және өз бетінше әкімшілік іс қозғай алады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерге мемлекет басшысы 2023 жылғы 20 сәуірде қол қойды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) қазақстандықтар арасында жүргізген әлеуметтік зерттеуінің мәліметінше, 2017-2021 жылдар аралығында елімізде отбасылық құндылықтарды насихаттауға және көп балалы отбасыларды қолдауға, отбасы мен некенің оң имиджін қалыптастыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасының рөлін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен олардың отбасыларына психологиялық, консультативтік және құқықтық көмек көрсету бағытталған 518 іс-шара өткізілген. Бес жыл ішінде жалпы бюдет 620,1 млн теңгені құрап, бағдарламаға 623,6 мың реципиент пен 329 отбасы қатысты.
Осындай бір жобаны жүзеге асыруға жергілікті немесе республикалық бюджеттен орта есеппен 1,1 млн теңге бөлінеді.
2017–2021 жылдары отбасы саясаты саласында ең көп жоба (237) Ақтөбе облысында жүзеге асырылды. Іс-шараға қатысқан адам саны да осы өңірде ең көп: 500 мың адам. Облыс бойынша бір жобаға орта есеппен 481 мың теңге жұмсалған.
Осы кезеңдегі жобалардың ең азы Павлодар облысында жүзеге асырылды: барлығы 21 млн теңгені құрайтын 5 жоба орындалды. Бұл ретте бір жобаға орта есеппен 4,2 млн теңге жұмсалды – Ақтөбе облысымен салыстырғанда 8,7 есе көп.