Отбасы банктен 50% бастапқы жарнаны 6 ай жинамай ипотека алуға болады

15 қазаннан бастап Отбасы банк салымшыларға серіктес құрылыс компанияларынан пәтерді жылдам сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа кредиттеу тетігін іске қосады. Енді аралық қарыз алу үшін депозитте алты ай бойы ақша жинап, бағалау көрсеткішінің (БК) 5 балға жетуін күтудің қажеті жоқ. Алайда қарыз сомасының 50%-ын жинау талабы сақталады.

Бұған дейін аралық қарыз алу үшін клиент депозитінде қажетті соманың жартысын жинап қана қоймай, ақшаны кемінде алты ай сақтауы керек еді. Бұл депозиттің бағалау көрсеткішін қажетті деңгейге жеткізу үшін талап етілді.

Жаңа тетік осы күту мерзімін алып тастайды. Осылайша, қажетті қаражаты бар салымшылар серіктес құрылыс компанияларынан пәтерді жылдамырақ сатып ала алады.

Қандай құрылыс компанияларынан пәтер алуға болады?

Жаңа тетіктің алғашқы серіктесі — BI Group. Құрылыс компаниясы Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларындағы 600 пәтерді ұсынады.

SAT NS және QazaqStroy компанияларымен келісімдер әзірге рәсімделіп жатыр. Банк басқа құрылыс компанияларының бағдарламаға қосылатыны туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

Отбасы банк бұл компанияларды соңғы үш жылдағы салымшылардың тұрғын үй сатып алу тәжірибесін талдау негізінде таңдаған. Зерттеу нәтижесінде клиенттер BI Group, SAT NS және QazaqStroy компанияларынан жиі пәтер сатып алатыны анықталған.

Жаңа тетік бойынша несие шарттары

Жаңа кредиттеу тетігі мынадай талаптарды қамтиды:

  • Жинақ мөлшері: Отбасы банктегі депозитте қарыз сомасының 50%-ы болуы керек.

  • Бастапқы пайыздық мөлшерлеме: жылдық 8,5%. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) — 9–9,6%.

  • Кейінгі мөлшерлеме: жылдық 3,5–5%-ға дейін төмендейді. ЖТСМ — мөлшерлемеге байланысты 3,6–6,9%.

  • Қосымша құжат: құрылыс компаниясы пәтердің брондалғанын растайтын хат беруі керек.

Қалай өтініш беруге болады?

Жаңа тетікті пайдалану үшін клиент алдымен серіктес құрылыс компаниясының сату бөліміне жүгініп, пәтер таңдап, оны брондауы қажет.

Осыдан кейін құрылыс компаниясы клиентке банкке ұсынатын растау хатын береді. Құжатпен Отбасы банкке кредит алуға өтініш беруге болады.

Өтінішті банктің жақын бөлімшесінде немесе менеджермен бейнебайланыс арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар.

Жаңа тетік бойынша қолжетімді пәтерлер туралы ақпаратты серіктес құрылыс компанияларының сату бөлімдерінен нақтылауға болады.

«Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға қосымша уақыт берілді

Сонымен қатар Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы бойынша несие алуға мақұлдау алған, бірақ әлі пәтер таңдап үлгермеген азаматтарға қосымша уақыт берді.

2026 жылдың көктемінде шамамен 2 мың қазақстандықтың несие алуға өтінімі мақұлданған. Алайда олардың бір бөлігі әлі баспана іздеп жүр.

Бұған дейін мақұлдаудың қолданылу мерзімі алты ай болып, 12 қарашада аяқталуы керек еді. Енді бұл мерзім 2026 жылғы 30 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Бұл қатысушыларға пәтер таңдап, қажетті құжаттарды дайындап, несие рәсімдеуге қосымша уақыт береді.

Отбасы банктің мәліметінше, 2026 жылы «Наурыз» бағдарламасы арқылы 10 мыңнан астам отбасы баспаналы болған.

Олардың арасында 35 жасқа дейінгі жастар, көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.