Jusan Singularity IT мектебі Computer Science бойынша тренинг жариялады. 9 наурызда бастау алып, 31 наурызға дейін жалғасатын тренингке елордалық оқушылар мен студенттер офлайн, ал еліміздің басқа өңірлерінен қатысушылар онлайн түрде қатыса алады. Қатысушылар 3 апта бойы Computer Science бағдарламасы бойынша дәріс алып, IT саласында өз білімдерін шыңдай түседі. 

Бір айға созылған оқу бағдарламасының аясында қатысушылар Java, С++, iOS және Android бағдарламалау тілдері бойынша білім алады. Сонымен қатар оқушылар мен студенттер шеберлік сағаттарына қатысып, 111 практикалық тапсырманы шешіп, кәсіптік бағдар берудің Backend, Frontend, Mobile Development, DevOPs сынды бағыттарымен танысады. 

“Бұл жеңіл бағдарлама емес, ересектерге арналған бұл оқыту жүйесі IT саласының күрделі базасын қамтиды. Біздің мақсатымыз мектеп оқушыларына арналған академиялық курстарды дамыта отырып, оқыту жүйесін қазақ тіліне бейімдеу», - дейді Jusan Singularity мектебінің өкілі Бейбарыс Өмірбаев.


Jusan Singularity ұйымдастыруымен өтетін курс барысында тәлім алушыларға қажетті құрал-жабдықтар, атап айтсақ, iMac компьютерінің соңғы нұсқасы, демалуға арналған орын мен сабақты қайталау үшін дәрістердің жазбасы ұсынылады. Ал оқу аяқталған соң қатысушылардың барлығына сертификат пен естелік сыйлықтар беріледі. 

Jusan Singularity – қазақстандық еңбек нарығы үшін IT мамандарын дайындайтын Jusan компаниясы тобының білім беру жобасы. Мектеп Астана қаласында орналасқан және ол екі деңгейлі кампустан тұрады. Мұнда тәлім алушылар келесі бағыттар бойынша білім ала алады: Java Backend, Mobile Developer (Android, iOS), Frontend (React), DevOPs. Мектеп заманауи ІТ-инфрақұрылыммен, тұрақты интернетпен және қажетті бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған. Мұнда коворкинг, конференц-залдар, дебифинг алаңдары, ас үй және т.б. бар.

Еске салсақ, бұған дейін Jusan Singularity IT мектебі ерекше қажеттілігі бар және SOS ауылындағы қамқоршылардың тәрбиесіндегі балаларға арналған екі апталық тегін тренинг өткізген еді. Нәтижесінде 17 жеткіншек бағдарламалаудың бастапқы курсын аяқтап, iPhone-ға арналған ойын жасап шығарды. 

Өтінішті мына сілтеме бойынша толтыруға болады.

Курстың бағасы мен басқа да ақпаратты алу үшін 8 707 260 3535 нөміріне хабарласуға немесе singularity@jmart.kz поштасына хат жолдауға болады.