Бағдат Мусин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрландыру бойынша жұмыс барысын баяндады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
ҚР Президенті жанындағы Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссия отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бұл отырыс биылғы 27-29 қазандағы «Digital Bridge-2021» халықаралық форум аясында өтті.
Б.Мусиннің айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік бағдарлама қайта өңделіп, тиісті ұлттық жоба бекітілді. Соның ішінде басты мақсаттардың бірі – Цифрлық мемлекет құру.
«2000-шы жылдардан бастап біз үдерістерді автоматтандыруға күш салып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Енді жаңа деңгейге көтерілу үшін жаңаша көзқарас пен жаңа әдістер, сондай-ақ технологиялық өзгерістер қажет. Қазіргі таңда біздің басты міндетіміз – азаматтарға барынша жақын болып, күнделікті өмірлік жағдайларға қатысты мәселелерді шешу. Осы орайда қызметтерді цифрлық экожүйе платформасына шығарып, үдерістерді реинжинирингтен өткізу жұмысымен айналысудамыз», - деді Бағдат Мусин.
Сонымен қатар министр цифрландырудың мынадай кезеңдеріне тоқталды:
- әлеуметтік мәліметтерді толықтай (100 %) смартфонға шығару;
- ХҚКО трансформациясын қолға алып, ауылдық жерлерде қызметтерді Қазпошта арқылы ұсыну;
- цифрландырудың платформалық нұсқасына көшу.
Экожүйе ретінде жасалатын платформада түрлі өнімдер жинақталып, өнімдер мен қызметтерді жетілдіру мақсатында деректерді айырбастау және қайта пайдалану жүзеге асады.
Сонымен қатар министр мемлекет басшысының 100 мың ІТ-маманды дайындау туралы тапсырмасының орындалу барысына да тоқталды.
«Бүгінгі таңда біз барлық мектептерде бағдарламаны өзекті ету үшін «виртуалды мұғалімді» енгізіп жатырмыз. Информатика және бағдарламалау пәні бойынша ұстаздар тапшылығын осылайша шешудеміз. ШҚО-ның 150 мектебінде осы пилотты іске қостық. Жыл соңында заманға сай 5 ІТ-мектеп ашылады, ал 2025 жылға қарай - 20 мектеп. Төрт жыл ішінде табысталатын 20 мың ваучерді бөлу механизмі жасалды. Соның алғашқы жүздігін Digital Bridge аясында табыстаймыз», - деді Бағдат Мусин.
Бүгінгі таңда 100 млн доллардан астам сомаға венчурлік қорлар - TCO, QTV + Quest, Most және т.б. құрылды. Бұрын QazTechVentures сияқты мемлекеттің қатысуы бар қорлар басым болатын.
Министрдің айтуынша, Қазақстанға халықаралық деңгейдегі қатысушыларды көбірек тарту қажет. Бағдат Мусин егер үш маңызды мәселе – капитал, адами ресурс пен акселерациялық бағдарлама дұрыс жолға қойылса, Мемлекет басшысы жүктеген мақсат-міндеттерді толығымен жүзеге асыруға болатынын атап өтті.