Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің ұлғаюы ел экономикасына белгілі бір деңгейде қауіп төндіретінін айтты.
Оның айтуынша, биыл Ұлттық қордан бөлінген тікелей трансферт көлемі 5,6 трлн теңгеге жетті. Келер жылғы бюджетте де осы шамалас қаражат – 5,3 трлн теңге қарастырылған.
«Теріс әлеуметтік ықпалынан бөлек, мұның бәрі ақша және валюта нарығына қысым көрсетеді, валюта бағамын бұрмалайды, отандық бизнеске кедергі келтіреді, экономиканың «голланд ауруына» шалдығуына әкелуі мүмкін. Бұл – проинфляциялық фактор. Сондықтан да монетарлық саясатымызды тезірек жеңілдетуге, базалық мөлшерлемені және банк кредиттерін, бизнес бойынша кредиттік мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей отыр», – деді Сүлейменов.
Тікелей трансферттер мен Ұлттық қордан алынатын басқа да қаражат көлемі қаншалықты екенін түсіндіру үшін Ұлттық банк басшысы нақты мәліметтерді алға тартты. Оның сөзінше, экономикаға бөлінген трансферттің көлемі жалпы ақша массасының шамамен 16%-ына жеткен.
Жалпы, төрағаның айтуынша, мұнайға жатпайтын тапшылық деңгейі жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл ретте жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет – Ұлттық қордың трансферттеріне сүйенеді.
Соның салдарынан, қордан алынған қаражат көлемі әлі де қорға түскен түсімдерден асып кетіп отыр. Ал Ұлттық қор қаражатын көбейтетін жалғыз фактор – инвестициялық кіріс.
Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, биылғы тоғыз айдағы инвестициялық кіріс 10,27%, яғни 6,16 млрд АҚШ доллары болды. Соның арқасында Ұлттық қор активтері жыл басынан бері 4,5%-ға өсіп, 62,7 млрд АҚШ долларына жеткен.