Қазақстанның ішкі нарығында сиыр етінің көтерме бағасы килограмына 3-4 мың теңгеге дейін төмендеуі керек. Бұл туралы журналистерге ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда ішкі нарықтағы баға тірідей есептегенде 1600-ден 1800 теңгеге дейін барып тұр. Тіпті төмендеді: кезінде 2000 теңгеге дейін жеткен болатын, бүгінде орташа есеппен 1700 теңге болып отыр. Егер тірідей есептегенде салмақ 1700 теңге болса, оны етке шаққанда, ішкі нарықтағы көтерме баға 3000-4000 теңге болады», — деп атап өтті Сапаров.

Министр фермерлердің экспорттық бағаны 10-12 мың теңгеге дейін көтергісі келетінін де атап өтті.

«Бүгінде экспорттық баға еттің санатына қарай 4,5 мыңнан 6 мың теңгеге дейін жетеді: бұл еттің семіздігіне — жоғары, орташа немесе төмен болуына байланысты», — деп түсіндірді ведомство басшысы.

Айта кетсек, ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рақымбековтің есебі бойынша, 1 келі сиыр етінің нақты өзіндік құны шамамен 4 мың теңге болады.

Қазақстанда сиыр етінің қымбаттауын тоқтату үшін енгізілген шектеулер айтарлықтай нәтиже бермейді. Сарапшылар экспортқа тыйым сала отырып, мемлекет ет бағасын төмендетудің орнына бүкіл саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін дейді

Қазақстанда ет қымбаттауының басты себебі – жем-шөп бағасының күрт өсуі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр сиыр етінің (жауырын-төс бөлігі) бағасы жыл басынан бері 25%-дан астам өсті