Ломбардтарды, онлайн-кредиттеу компанияларын және кредиттік серіктестіктерді қоса алғанда, барлық микрокредиттеу субъектілері Агенттіктің реттеу аясына кірді.
Микроқаржы нарығының қазіргі жағдайы туралы Қарды нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысы Мадина Әбілқасымова тарқатып айтты.
2020 жылға дейін халық пен бизнеске түрлі мақсаттарға, негізінен кәсіпкерлікті дамытуға микрокредиттер беретін микроқаржылық ұйымдар ғана Ұлттық Банк тарапынан реттеу мен қадағалануға тиіс еді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін микроқаржы ұйымдары біртіндеп банкке айнала бастауы мүмкін екенін жазған едік.
Сонымен бірге, нарықта микрокредиттерге ұқсас қарыздар беретін басқа ұйымдардың айтарлықтай саны болды. 2017 жылдан бастап жоғары сыйақы мөлшерлемесімен халыққа шамалы сомаға онлайн қарыздар беретін компаниялар белсенді түрде дами бастады. Халыққа жылжымалы мүлік кепілімен қысқа мерзімді қарыздар беретін ломбардтар саны да ұлғайды.
Ауылдық өңірлерде жұмыспен қамтуды және ауыл шаруашылығын дамытуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын кредиттік серіктестіктердің қызметі белсенді түрде дамыды. Кредиттік кооперацияның жүйесіне тартылған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жалпы саны 23 мыңнан астам қатысушыны құрайды.
Кредиттік серіктестіктер қызметі қатысушылардың жарналары есебінен, сондай-ақ Аграрлық кредиттік корпорация арқылы ауылдық жерлердегі бизнесті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде қаржыландырылуда. Алынған қаражат қатысушылар үшін кредит түрінде қайта бөлінеді.
Қарыз алушылардың түрлі кредиттік ұйымдардағы қызмет бағыттары мен нысаналы топтары едәуір ерекшеленетіні көрініп тұр.
Сонымен қатар, микрокредиттер берудің өсуі және бұл ұйымдарды реттеудің болмауы аясында қарыз алушылардың құқықтарын қорғау толық көлемде қамтамасыз етілген жоқ.
2019 жылы қаржы пирамидаларының едәуір белсенділігі байқалғаны есіңізде болар, олардың кейбіреуі ломбардтар немесе басқа қаржы ұйымдары ретінде тіркелді не өздерінің атауында қаржы ұйымдарына сілтемені пайдаланды.
Мәселен, 2019 жылғы қарашада құқық қорғау органдары азаматтарға 20 млрд теңгеден астам сомаға зиян келтірген 8-ден астам ломбард қызметінің жолын кесті, ал 2020 жылы қаржы пирамидаларының қызметінен 25 мыңнан астам қазақстандыққа 30 млрд теңгеден астам сомаға материалдық шығын келтірілді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы онлайн кредиттеу компанияларын, ломбардтарды және кредиттік серіктестіктерді қоса алғанда, барлық кредиттік ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау аясына енгізуді тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді. Енді барлық микроқаржы секторының субъектілері қызметін Агенттік белгілеген бірыңғай қағидалар бойынша жүзеге асырады.
Микроқаржыландыру субъектілерін қаржы ұйымдарына жатқыза отырып капитал бойынша ең төмен пруденциялық стандарттар белгіленді және барлық микроқаржыландыру субъектілерінің қызметкерлері мен акционерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.
Барлық реттеу талаптарын орындау үшін капиталдың жеткілікті қоры қажет. Жұмыс істеп тұрған микроқаржы ұйымы үшін меншікті капиталдың ең төмен мөлшері 2023 жылға қарай 50 млн теңгеге дейін ұлғайтыла отырып, 100 млн теңге, кредиттік серіктестік үшін – 30-дан 50 млн теңгеге дейінгі, ломбард үшін– 30-дан 70 млн теңгеге дейінгі мөлшерде белгіленген.
Басшы қызметкерлер мен ірі акционерлерге қойылатын біліктілік талаптары, атап айтқанда, мінсіз іскерлік беделінің болуына, жұмыс тәжірибесінің болуына, өтелмеген соттылығының болмауына қойылатын талаптар белгіленді.
Ломбардтарға қатысты үй-жайлардың қауіпсіздігі мен техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар, мүлікті сақтау рәсімдері, сондай-ақ заңсыз алынған заттар айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар белгіленді.
Бұрын ломбардтар көбіне қызметін кепілге салынған мүліктің сақталуын қамтамасыз етпейтін, сәйкес келмейтін үй-жайларда жүзеге асырды.
Микроқаржылық қызметті реттеу және лицензиялау енгізілгенге дейін азаматтар негізінен онлайн кредиттеу компанияларынан және ломбардтардан алынған кредиттер құнының өте жоғары болуына шағымданды.
Егер екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшері 56% көлемінде белгіленсе, көрсетілген ұйымдарда сыйақы мөлшерлемесі жылдық көрсетуде 700-1000% көлемінде болған.
Халықтың борыш жүктемесінің бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында барлық кредиттік ұйымдар үшін ЖТСМ-нің шекті мөлшері 56% көлемінде белгіленді, ол номиналдық көрсеткіш бойынша немесе артық төлемді есептегенде берілген кредит сомасының жылдық 45%-нан аспайтын мөлшерде бағаланады.
2021 жылы банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелер төмендетіліп, сараланды.
Бұл орайда мен 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Агенттік қарыз алушылардың борыш жүктемесі бойынша шектеу енгізгенін атап өткім келеді.
Микрокредит бермес бұрын барлық микроқаржыландыру субъектілері қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеуді жүзеге асыруға міндетті. Бұл барлық қаржы ұйымдарындағы кредиттер бойынша барлық төлемдер сомасы қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-ынан аспауға тиіс дегенді білдіреді.
Бұдан басқа, халықтың шамадан тыс кредиттелуінің өсуіне жол бермеу үшін біз кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар үшін кредиттерге қолжетімділікті шектедік.
Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары үшін 90 күннен астам мерзімі өткен кезде айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге тыйым салынды, бұл ретте олардың сомасы негізгі борыштың 10%-ынан аспайды.
Барлық микроқаржыландыру субъектілеріне қатысты тоқсан сайын Ұлттық Банкке қаржылық есептілікті ұсыну және қарыз алушының борыш жүктемесін дұрыс бағалау үшін берілген барлық микрокредиттер бойынша ақпаратты кредиттік бюроларға ұсыну бойынша талаптар енгізілді.
Пандемия кезеңінде Агенттік қаржылық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін алғаш рет клиенттің жеке қатысуынсыз банктік шоттар ашу және қаржылық қызметтерді толығымен қашықтан алу мүмкіндігін енгізді. Бұл қашықтан қол жеткізуді пайдалана отырып, қаржылық қызметтер көлемінің айтарлықтай өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, микроқаржыландыру нарығында жеке басты куәландыратын жалған құжаттарды пайдалана отырып, жалған микрокредиттер беру тәжірибесі кең таралды.
Ағымдағы жылғы сәуір айында Агенттік электронды тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын қатаңдатты. Енді электронды тәсілмен микрокредит беру үшін электрондық-цифрлық қолтаңбадан басқа, Ұлттық Банктің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының сервистері арқылы қарыз алушыны биометриялық идентификаттау қолданылуы не нақты уақыт режимінде қарыз алушының дербес деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру пайдаланылуы мүмкін.
Жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты жалған микрокредиттерді ресімдеуге қатысты шағымдар саны күрт азайды.
Тұтастай алғанда, жоғарыда көрсетілген шаралар микроқаржыландыру нарығының ашықтығын арттыруға, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, жүйелік тәуекелдерді төмендетуге және жосықсыз қатысушыларды нарықтан шығаруға мүмкіндік берді.
Микроқаржы нарығына қатысушылардың қарым-қатынасы болжанатын және заңмен қорғалатын болды.
Нарық жаңа қағидалар бойынша бір жарым жылдан астам жұмыс істеуде және микроқаржы саласы жұмысының алғашқы қорытындыларын шығаруға болады.
Бүгінгі күні микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 1064 ұйым, оның ішінде 235 микроқаржы ұйымы, 218 кредиттік серіктестік және 611 ломбард лицензия алды. Қалған 3,5 мыңнан астам кредиттеу субъектілері ерікті түрде немесе сот тәртібімен таратылды.
2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын барлық ұйымның жиынтық кредиттік портфелі 27,8%-ға ұлғайып, 1 317,6 млрд теңгені құрады.
Негізгі үлес немесе 48% классикалық микроқаржы ұйымдарына тиесілі.
Микрокредиттер портфелі жыл басынан бері 46%-ға ұлғайып, 635 млрд теңгені құрады. Микрокредиттер құрылымында 67% жеке тұлғаларға және 33% – кәсіпкерлік мақсаттар үшін заңды тұлғаларға және дара кәсіпкерлерге берілді.
Ауыл шаруашылығын қаржыландыруда маңызды рөл атқаратын кредиттік серіктестіктердің микрокредиттер портфелі жыл басынан бері 13,6%-ға ұлғайып, 547 млрд теңгені құрады. Кредиттік серіктестіктер микрокредиттерінің құрылымында 89,2%-ы заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығына қолдау көрсету және дамыту мақсаттарына, қалған 10,8%-ы ауылдық өңірлердегі халыққа берілді.
2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Агенттік микро және шағын бизнесті кредиттеу үшін микроқаржы ұйымдарының әлеуетін кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады.
Қазіргі кезде барлық облыс орталықтары мен қалалар микроқаржы ұйымдарының филиалдары мен бөлімшелерімен қамтылған. Филиалдық желінің дамуы, жергілікті жерлердегі бизнес пен клиенттік базаның ерекшеліктерін білудің нәтижесінде микроқаржыландыру шағын және орта бизнесті дамыту бойынша маңызды әлеуметтік функцияны орындай отырып, өңірлерде банктік қаржыландыруды толықтырып қана қоймай, оны жиі алмастырады.
Микроқаржы ұйымдарының басты ерекшелігі олардың халықтың депозиттерін қабылдамауы болып табылады. Тиісінше, олардың өздерінің қорландыру базасы жоқ.
Кредиттерді қаржыландыру акционерлердің меншікті капитал түріндегі меншікті қаражаты есебінен және банктерден, қор нарығынан немесе халықаралық қаржы ұйымдарынан тартылған қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Тиісінше, микроқаржы ұйымдарын қорландыру құны екінші деңгейдегі банктермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары қалыптастырылады. Осыған байланысты қолжетімді қорландыруды тарту мәселесі түпкілікті қарыз алушыға кейіннен мөлшерлемелерді төмендету мақсатында микроқаржы секторы үшін өзекті болып табылады.
Қосымша қорландыруды тарту үшін МҚҰ-ның қор нарығына қолжетімділігі және шоттарды ашу және KASE және орталық депозитарий жүйелерінде тіркеу рәсімдері оңайлатылады.
Қорландыруды қамтамасыз етудің негізгі мәселесі микро және шағын бизнесті кредиттеуді кеңейтуге мүмкіндік бере отырып, әртүрлі кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарына – апекс қатысушыларына қаржы қаражатын тартатын және қайта бағыттайтын көтерме мекеме ретінде апекстік ұйымды құру және дамыту болып табылады.
Халықаралық тәжірибе мемлекеттің апекстік ұйымдарды құруда белсенді рөл атқаратынын көрсетеді. Апекстік ұйымдарды құрудағы мемлекеттік қолдаудың үлгілері Үндістан, Аргентина, Мысыр, ОАР, Қырғызстан, Филиппин, Бангладеш және т.б. болып табылады. Бұл елдердегі апекстік ұйымдардың қызметі микро және шағын кәсіпорындарды кредиттеу аясын кеңейту, өңірлердегі кедейлік деңгейін азайту жөніндегі міндеттерді шешті.
Біздің ойымызша, ең алдымен ШОБ субъектілерін қолдауға бағдарланған ірі МҚҰ-ны банктерге айналдырудың объективті қажеттілігі туындады. Біз бұл мүмкіндікті жақын арада іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл процесс бәсекелестікті дамытуға және тұтынушылар үшін қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады және қаржы институттары үшін белгіленген жалпы пруденциялық талаптар мен нормалардың сақталуын болжайды.
Реттеуші төрелікті төмендету мақсатында микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктердің қызметіне қойылатын талаптарды саралау арқылы тепе-тең реттеу енгізілетін болады.
Микроқаржы өнімдерінің қауіпсіздігі және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері де өзекті болып қалуда. Оларды шешу үшін электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары пысықталады. Мәселен, қарыз алушылардың сәйкестендіру деректерін ұялы байланыс операторларының деректерімен салыстыру міндетті болады.
Бұдан басқа, жалған микрокредиттер анықталған кезде құқық қорғау органдары микрокредит бойынша сыйақы есептеуді және зардап шеккен адамға қатысты талап арыз жұмысын тоқтата тұру жөніндегі шараларды көздейтін болады.
Микроқаржы секторының микро және шағын бизнесті кредиттеуде маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, реттеуші үшін шешуші міндет микроқаржы секторын дамыту мен қарыз алушылардың құқықтарын тиісінше қорғау арасындағы оңтайлы теңгерімді қамтамасыз ету, оның ішінде борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеу болып табылады. Тиісінше, Агенттіктің күш-жігері микроқаржы секторын реттеу мен дамытудың оңтайлы үлгісіне қол жеткізуге бағытталатын болады.