Микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) шағын несие портфелі биылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бірден 31,3% артық. Шағын несиелердің барлығы дерлік жеке тұлғаларға берілген – бұл 1 трлн теңгеден астам, бір жыл ішінде 31,2% өсті. Заңды тұлғаларға тағы 24,2 млрд теңге берілді, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңындағы көрсеткіштен 38,3% артық.
Кешіктірілген шағын несие көлемі бір жылда 21,1% өсіп, 157,5 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте МҚҰ жалпы несие портфеліндегі кешіктірілген несие үлесі бір жылда 16,2%-дан 14,9%-ға дейін төмендеді.
Кешіктірілген шағын несиелердің 155,3 млрд теңгесі жеке тұлғаларға берілген несие, бір жылда 20,8% көбейген. Жеке тұлғалардың кешіктірген несиелерінің үлесі бір жылда 16,4%-дан 15,1%-ға дейін төмендеді. Ең көп көлем 90 күннен астам кешіктірілген несиелерге тиесілі: 54,4 млрд теңге, көрсеткіш 10,2% азайған. Одан кейін 1 күннен 30 күнге дейін кешіктірілген несие (48,9 млрд теңге, бір жыл ішінде 33,8% көбеді), 31-60 күн кешіктірілген несие көлемі 28,9 млрд теңге, бір жылда 80,7% ұлғайды, 61-90 күн кешіктірілген несие көлемі 23,1 млрд теңге, 50,4% көбейген.
Заңды тұлғалардың кешіктірілген шағын несиесі бір жылда 40,3%, 2,2 млрд теңгеге дейін, үлесі 8,9%-дан 9%-ға дейін өсті. Оның барлығы дерлік 1 күннен 30 күнге дейін және 90 күннен астам кешіктірілген шағын несиелерге тиесілі – тиісінше 1,1 млрд теңге және 893,9 млн теңге. Қалған 239,5 млн теңге мерзімі 31 күннен 90 күнге дейін кешіктірілген несие.
Микроқаржы ұйымдарының есебінше, үмітсіз деп саналатын микронесиелердің үлесі айтарлықтай өсті: бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша көрсеткіш 10,1%. Салыстыру үшін: бір жыл бұрын мұндай берешектердің үлесі портфельдің 8,9%-ын құраса, бес жыл бұрын небәрі 2,4% болған. МҚҰ портфеліндегі үмітсіз микронесиелердің көлемі бір жыл ішінде бір жарым есеге жуық өсіп, 106,4 млрд теңгеге жетті.
Шағын несиелердің едәуір бөлігі күмәнді – 814,8 млрд теңге, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 29,7% көп. Стандартты шағын несие көлемі 132,8 млрд теңге, көрсеткіш бір жылда шамамен 28,6% көбейген.