Алдағы бес жылда машина құрастыру саласында $1 млрд-тың жобасы іске асырылады, деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министр Марат Қарабаев Нұр-сұлтан қаласында өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының ІХ форумында.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Марат Қарабаев өзінің кіріспе сөзінде индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдарында машина жасау саласы ең жоғары 4 есе өсімді көрсеткенін атап өтті. Индустрияландыру картасы және өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау карталары шеңберінде 470 млрд.теңгеге жуық сомаға 150-ден астам жоба іске қосылды. 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Бүгінгі таңда салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 120 мыңға жуық адам жұмыс жасап жатыр.
"Машина жасау салалары арасында ең жоғары өсу динамикасын автомобиль жасау саласы көрсетіп отыр. Индустрияландыру жылдарында алғаш рет қазақстандық автоөнеркәсіптің өнімдері экспорттық нарықтарға шықты, ал ел ішінде сатылған әрбір екінші жаңа жеңіл автокөлік отандық өндіріс болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасы үшін белгілі бір компоненттер өндірісі жолға қойылған", - деп вице-министр Марат Қарабаев атап өтті.
Машина жасау саласындағы өсу серпінін сақтау және пандемияға байланысты қалыптасқан тұрақсыз жағдайында кәсіпорындардың құзыреттерін өсіру оңай емес болды. Оған қарамастан, инвестицияларды, кәсіпорындарды іске қосу серпінін және технологиялық жаңартуды ескере отырып, жақын уақытта белсенді өсу, даму, импорттық өнімді алмастыру, сондай-ақ экспорт көлемінің ұлғаюы кезеңі күтілуде. Мысалы, ағымдағы жылы құны 79,6 млрд.теңге болатын 2 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құрумен 14 жобаны іске қосу жоспарлануда.