Коронавирусқа қатысты ахуал жақсармаса Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасында.
«Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», - деді Мемлекет басшысы.
«Үкіметтен 5 күннің ішінде пандемиямен және оның салдарымен күрес бөлігінде жедел шешімдер қабылдаудың құқықтық алгоритмін дайындауды сұраймын. Мұндай сипаттағы шешімдер бір, ары кеткенде екі тәулік мерзімнің ішінде қабылданып, жүзеге асырылуы тиіс»,- деді ҚР Президенті.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев министрлерге, әкімдер мен Президент Әкімшілігі қызметкерлеріне демалысқа шығуға тыйым салды
«Осымен жаздың жартысы өтті. Министрлер, әкімдер, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ешқандай еңбек демалысы жоқ. Өйткені, төтенше жағдай орын алып отыр. Демалыс деген сөзді ұмытыңыздар», - деді Президент.
«Қазіргі жағдай құқық қорғау органдары тарапынан нақты шешімдер мен әрекетті талап етеді. Осынау күрделі кезеңде бюджетке, экономика мен азаматтардың қауіпсіздігіне шынайы зиян тигізетін заңбұзушылықтарға баса назар аудару керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сонымен бірге кейбір әкім ескерту мен қатаң ескерту алғанын еске салды.
«Жалпы бүкіл әкімдер мен министрлер осындай жазаға лайық. Алайда қазір біз әлеуметтік-экономикалық дамудың сыни кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге дағдарыстан шығу үшін ойлы да батыл әрекет керек. Себебі дағдарыс ушығатын секілді. Бұл – әлемдік экономиканың болжамы. Ал Қазақстан оның бір бөлігі», - деді ол.
«Пандемиямен күрес барлық күшті, бастамашылықты, өзіңе жауапкершілік қабылдау мен көшбасшылықты жұмсауды талап етеді. Төтенше жағдай режимі аясында бюджеттеу, мемлекеттік сатып алу саласындағы бюрократиялық процедураларды жеңілдету бойынша жедел қабылданған шаралар өз нәтижесін берді», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, стандартты процедура тәртібі тыныш уақытқа есептелінген.
«Қазір біз соғыста жүрміз. Сондықтан әрбір басшыдан жедел мәселелер мен тапсырмаларды шешуде барымша тиімділік талап етіледі. Жауапкершіліктен қашып, бюрократиямен айналысуға болмайды», - деді ҚР Президенті.
«Осындай күрделі кезеңде мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі пандемия ахуалы жұмыспен қамту саласына, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай теріс әсер ететіні анық екендігін баса айтты.
«Сондықтан министрлікке осы бағытта тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», - деді ҚР Президенті.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрестегі Үкімет пен әкімдіктердің жұмысын сынға алды.
«Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Тоқаев дағдарысқа қарсы күресерлік Қазақстанға қаражат барын жария етті.
«Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шешімдердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Жаңа карантиндік шараларды енгізу – экономикадағы ахуалды күрделендіріп жіберуі мүмкін екенін ескеру керек. Үкіметте тиісті жұмыс жоспары болуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша дағдарысқа қарсы күресерлік Қазақстанда қаражат бар.
«Тиісті заңнамалар қабылданды. Сол себепті өңдеу өнеркәсібінің көлемін, құрылыс жұмыстары мен инвестиция көлемін төмендетудің негізі жоқ деп есептеймін. Үкімет жағдайды ретке келтіруі керек», - деді ол.
Өз сөзінде Президент Үкіметтің жұмыспен қамту шараларын да сынға алды.
«Біз «Жұмыспен қамту жол картасын» қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған.
«Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек», - деді Президент.
Сонымен қатар Президент Үкімет жұмысын тексеретін комиссия құру керектігін айтты.
«Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек», - деді Мемлекет басшысы.