Мал ұстау мен бау-бақша егуге тегін жер алуға болады

Қазақстандықтар жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін тегін жер алуға өтініш бере алады. Бұл үшін жер орналасқан елді мекенде тұрақты тіркеуде тұру талап етілмейді, деп хабарлады inbusiness.kz басылымы Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Заң бойынша азаматтарға:

  • суарылмайтын жерден — 0,25 гектарға дейін;

  • суармалы жерден — 0,15 гектарға дейін жер тегін берілуі мүмкін.

Өтініш жер орналасқан аумақтың әкімдігіне беріледі. Құжатта жерді пайдалану мақсаты, көлемі мен орналасқан жері, сондай-ақ оны меншікке немесе пайдалануға алу ниеті көрсетіледі.

Бірақ аукционға шығарылатын жерлерді тегін алуға болмайды. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық үшін жерді қайталап тегін беру, заңда арнайы көзделген жағдайды қоспағанда, рұқсат етілмейді.

Маңыздысы — бұл мақсат бойынша жеке кезек қарастырылмаған. Әкімдіктер бос жерлер мен жоспарланған аукциондар туралы ақпаратты тоқсан сайын жаңартып отыруға тиіс.