Қазақстан 2026 жылы мұнай өндіру жоспарын 98 млн тоннадан 96 млн тоннаға дейін төмендетті, деді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, негізгі себептердің бірі – Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдар. Қаңтардағы және маусым–шілде айларындағы шабуыл салдарынан Қазақстан шамамен 3,5 млн тонна мұнай өндіру көлемінен айырылған.
«Теңізшевройл» акционерлері жоспарланған күрделі жөндеуді 2026 жылы өткізбей, оны 2027 жылға ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Бұл қадам өндіріс көлемін барынша сақтауға мүмкіндік берген.
Сонымен қатар North Caspian Operating Company (NCOC) басқаратын кен орындарындағы жөндеу жұмыстарының бір бөлігі де келесі жылға шегерілді.
Осылайша, мұнай өндіру көлемін сақтап қалу үшін бірқатар жоспарлы жұмыстар кейінге қалдырылғанымен, КҚК-дағы іркілістердің орнын толық толтыру мүмкін болмаған.
Нәтижесінде 2026 жылғы мұнай өндіру жоспары 2 млн тоннаға қысқарды – 98 млн тоннадан 96 млн тоннаға дейін.
Бұл ретте КҚК-ға жасалған шабуылдардан болған өндіріс шығынының өзі шамамен 3,5 млн тонна болады.