Бұл туралы Президент Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында мәлімдеді. Төменде "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады" атты сұхбаттан үзінді.
Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Індеттің салдарынан дүние жүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендейді. Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан шамасы жететін елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде.
Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды.
Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырудамыз.
Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қайта қаржыландыруға, жеңілдік шарттарымен несие беруге жұмсалады. Кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды.
Ерекше атап өтер жайт, карантин кезінде азаматтарымыз оқшаулануға тез бейімделді. Көптеген кәсіпорын мен мекеме қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Қоғамның жаңа үрдістерге дайын екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Жалпы, Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын. Елбасы бұл мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты атап көрсетті. Кез келген дағдарыс тың бастамаларды туындатады. Әрине, осы кезеңнен сабақ алып, осал тұстарымызды жетілдіруіміз керек. Егер індет өршіп кетпесе, 11 мамырда төтенше жағдай режімі аяқталады.
– Дағдарыс жағдайында, көбіне, бюджеттің кірісі мен шығысын реттеу қажеттілігі туындайды. Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Коронавируспен күресу үшін қомақты қаржы бөлінгенін білесіздер. Ел азаматтарына қолдау көрсету, экономикалық белсенділікті арттыру шаралары қосымша қаржыны талап етеді.
Ескерте кететін бір жайт, бюджет қаржысына қымбат көлік пен жиһаз алынбайды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвестициялық жобалар кейінге қалдырылды. Үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге жұмсалуда. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.