Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2024 жылғы тамызда 2,0%-ға 31,1 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 11,5%-ға өсу) ұлғайды.

Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2024 жылғы тамызда 2,0%-ға 31,1 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 11,5%-ға өсу) ұлғайды. Бұл ретте, ұлттық валютада берілген кредиттер 1,8%-ға 28,5 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында – 4,6%-ға 2,7 трлн теңгеге дейін, оның ішінде АҚШ долларының теңгеге қатысты 1,6%-ға нығаюы нәтижесінде оң қайта бағалауға байланысты өсті.

Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 91,4 %-ды құрады (01.01.2024ж. - 92,3%).

Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы тамызда негізінен айналым қаражатын алуға берілген қарыздардың 1,3%- ға, инвестициялар мен бағалы қағаздардың 8,6%-ға өсуі есебінен 1,7%-ға 12,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 6,5%-ға өсу). 

Оның ішінде ірі бизнеске берілген қарыздар 1,7%-ға 4,1 трлн теңгеге дейін өсті, ШОБ субъектілеріне қарыздар 1,3%-ға 5,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Дара кәсіпкерлерге берілетін кредиттер бөлшек саудамен (+3,2%) және тұру және тамақтану бойынша қызметтер көрсетумен (+3,5%) айналысатын ДК берген қарыздардың өсуі есебінен бір айда 3,1%, 2,0 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 30,9% өсу) ұлғайды.

Салалық бөліністе 2024 жылғы тамызда кредиттердің өсуі барлығы дерлік салаларда байқалады: өнеркәсіп – 3 838 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға, негізінен айналым қаражатын толтыруға қысқа мерзімді қарыздардың өсуі есебінен сауда – 3 147 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға,  инвестицияларға қарыздардың өсуі аясында көлік – 820 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға, құрылыс – 623 млрд теңгеге дейін 3,0%-ға және ауыл шаруашылығы – 492 млрд теңгеге дейін 2,7%-ға. Мерзімінен бұрын өтеулерге байланысты ақпарат және байланыс салаларының  бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер портфелінің 165 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға төмендеуі байқалады.

2024 жылғы тамызда бизнес субъектілеріне 1,5 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді. Бұл ретте 2024 жылғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,1 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға көп.

2024 жылғы тамызда бизнеске берілген жаңа кредиттер құрылымында 1 жылға дейінгі қысқа мерзімді қарыздар басым болды –      1,1 трлн теңге немесе 72%, ал 1 жылдан астам мерзімге жаңа кредиттердің үлесі 28% немесе 420 млрд теңгені құрады. Сақталып отырған жоғары мөлшерлемелер аясында бизнес субъектілері негізінен айналым қаражатын толықтыруға қарыздар тартуды жалғастыруда.

Мәселен, 2024 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша ұлттық валютада берілген ірі бизнестің кредиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 16,9%-ды (2024 жылғы шілдеде – 16,8%,  2023 жылғы желтоқсанда – 18,2%), ШОБ субъектілері бойынша 18,2%-ды (2024 жылғы шілдеде – 18,7%, 2023 жылғы желтоқсанда – 19,2%) құрады.

Бұл ретте, бизнеске берілген кредиттер бойынша портфельдің сапасының шамалы төмендеуі байқалады – NPL90 + қарыздардың үлесі 300 млрд теңгеге 2,1%-дан 2,2%-ға дейін ұлғайды.