KASE акционерлері 2024 жылдың 30 мамырында өткен жылдық жалпы жиналыста 2023 жылға дивидендтер төлеуге 9,3 млрд теңге бағыттау туралы шешім қабылдады.

Дивидендтер төлеу туралы шешім Биржаның Дивидендтік саясатына сәйкес оның Директорлар кеңесінің ұсынымы негізінде қабылданды.

Осы шешімге сәйкес дивидендтерді төлеуге Биржаның аудиттелген шоғырландырылған есеп берушілігіне сәйкес 2023 жылғы таза пайдасының 50%-ы бағытталды.

Бір жай акцияға (KZ1C00001213) шаққанда дивиденд мөлшері 8 611,30 теңгені құрайды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер алуға құқығы бар Биржа акционерлерінің тізімі 2024 жылдың 10 маусымында Алматы уақыты бойынша сағат 00.00-дегі жағдай бойынша жасалады. Осы күннен бастап дивидендтер төлеу басталады, ол заңнамаға сәйкес 90 күндік мерзімде аяқталуға тиіс.

Дивидендтер Биржаның акционерлерiне олардың банктiк шоттарына аудару жолымен қолма-қол ақшасыз нысанда төленетiн болады.

Биржаның таза пайдасы оның аудиттелген шоғырландырылған есеп берушілігіне сәйкес 2023 жылы 18,5 млрд теңгені құрады, оның 50%-ы акционерлердің шешімі бойынша дивидендтер төлеуге, қалған 50%-ы – Биржаны дамытуға бағытталатын болады.

Аталған шешімге түсініктеме бере отырып, KASE Басқарма төрайымы Алина Алдамберген: «Өткен жылдың 31 желтоқсанында Биржаның меншікті капиталы 45 млрд теңгені құрады. Өткен бірнеше жылда біз Биржаның IT жүйелері мен жабдықтарын жаңғырту бойынша бірқатар ірі жобаларды аяқтадық, Биржаның еншілес ұйымы – Клиринг орталығын құрдық, ол кезең-кезеңімен есеп айырысу-клирингілік қызметті және орталық контрагенттің қызметін береді. Қазіргі уақытта Клиринг орталығы клиринг және орталық контрагент функцияларын орындау үшін жеткілікті деңгейде капиталдандырылған. Біз Биржаның Дивидендтік саясатын жаңарттық, оған сәйкес болашақта еркін өтімділікті дивидендтер төлеуге бағыттауды жоспарлап отырмыз».