Өңірлер бойынша азық-түлік өндірісінен көшбасшы Алматы облысы (64,71 млрд теңге), Қостанай облысы (54,72 млрд теңге), және Алматы қаласы (54,7 млрд теңге).
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары шамамен 32-33 млрд теңгенің өнімін өндірген.
Ал Ақмола, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласы 20-26 млрд теңгенің айналасында өнім шығарған.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының өнімі шамамен 10-18 млрд теңге аралығында.
Жамбыл облысы 7,53 млрд теңгенің өнімін шығарса, Атырау мен Маңғыстау облыстары тиісінше 2,61 және 1,67 млрд теңгенің өнімін өндірген.
Бірінші тоқсанда өндірілген өнімнің 53,9 пайызы үш сегментке тиесілі: ұн-жарма және крахмал өнімі (87,6 млрд теңге), ет өнімдері (75,3 млрд теңге) және сүт өнімдері (68 млрд теңге).
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Айдарбек Сапаров көптеген өнім түрлері бойынша Қазақстан импортқа тәуелді екенін мәлімдеген еді. Мәселен, құрғақ сүттің 95 пайызын шетелден сатып аламыз.
Сонымен қатар қант, құс еті, алма секілді өнімдерді де сырттан сатып алуымыз көп.
Көптеген мемлекеттер қазіргі таңда шекараны жауып, азық-түлік экспорттауды тыйып жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанда азық-түлік тапшылығын туындатуы мүмкін. Мемлекет осы орайда импортталатын өнімді іштен шығару үшін 300 млрд теңге қарастырған.
Статистика комитетінің мәліметінше, қазақстандық компаниялар шынымен де қаңтар-ақпан айларында қантқа деген ішкі сұранысты толтыра алмапты. Құс еті де айтарлықтай азайғаны айтылуда.