Қазақстанда 2023-2037 жылдар аралығында барлық жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңартуға уәде беріп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
Бірінші кезеңде 2023-2030 жылдар аралығында ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын жылу желілерін ауыстыру жоспарлануда. Бұл тозуы 75%-дан асатын желілер. Өскенбаевтың айтуынша, жаңғыртуға 538 млрд теңге қажет.
«Екінші кезеңде 2030-2037 жылдар аралығында тозығы жеткен жылу желілерін 50-ден 74%-ға дейін ауыстыру жоспарлануда, мұндай желілердің ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайды. Қажетті инвестиция көлемі шамамен 1,2 трлн теңгені құрайды», - деді министр.
Үшінші кезеңде министрлікте табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары аясында 50%-дан аз тозуы бар желілерді жаңарту ұсынылып отыр: 1,4 мың км тариф арқылы – 462 млрд теңге.
«Енді, бірінші кезекте, жергілікті атқарушы органдарға жобалау-сметалық құжат әзірлей отырып, жылу желілерінің жай-күйіне техникалық зерттеу жүргізіп, кейіннен бюджеттік өтінімді уәкілетті органның қарауына ұсыну қажет», - деді Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023-2028 жылдар аралығында Қазақстанның 68 қаласында кәріздік суларды тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту жоспарлануда. 26 қалада осы мақсатта микроқаржы ұйымдарынан мемлекет кепілдігімен несиелер алынады. 36 шағын қалаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді.
2023 жылы алты шағын қалада ағынды суларды тазарту қондырғысын салу жоспарланып, қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.