2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,7%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім 3,7%-ды, қызмет көрсету саласында – 5,1%-ды құрады. Бұл туралы 2023 жылғы қаңтар-қыркүйектегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралған үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.
«Өнеркәсіп салаларының ішінде құрылыс, сауда, ақпарат және коммуникациялар ең жоғары өсімді көрсетіп отыр. Негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны 12,1% құрады. Инвестициялар ағыны көлік пен қойма шаруашылығына – 59,4%, саудаға – 37,5%, білім беруге – 23,7%, ауыл шаруашылығына – 12,9%, сондай-ақ өнеркәсіпке – 8,2%, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібіне – 4,3% өсті», - деді министр.
Өңірлер бойынша ең жақсы көрсеткіштер Маңғыстау, Түркістан, Павлодар облыстары мен Абай ауданында байқалады.
«Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 9,9% төмендеді. Көрсеткіштің күрт төмендеуі ауа райының қолайсыздығынан астық жинау көлемінің төмендеуіне байланысты», - деді ол.
Алдын ала қорытындылар бойынша, 2023 жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 4,2% өсіп, 91,1 млрд долларды құрады. Экспорт 51,2 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 16,2 млрд долларды, тауарлар импорты – 39,8 млрд долларды құрады. Жалпы алғанда, оң сауда сальдосы 11,4 млрд долларды құрады.
Өңдеу өнеркәсібі оң өсу қарқынын сақтап отыр. Өндіріс көлемі 3,2% өсті. «Оң өсім 14 өңірде тіркелді. Ең көп өсім Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарында байқалады», - деді ҰЭМ басшысы.
Өңдеу өнеркәсібінің тұрғысында машина жасау өндірісінің өсімі 27,3%, оның ішінде автомобиль өнеркәсібінде – 40,8% және электр жабдықтарын өндіруде – 30,6% қамтамасыз етілді.
«Сонымен қатар, келесі салаларда өсім байқалды: тамақ өндірісінде – 3,3%, химия өнеркәсібінде – 1,5%, металл бұйымдарында – 4,2%, сусындар – 3,2%-ға, пластмасса бұйымдарында – 6,8% және жеңіл өнеркәсіпте – 14,6%. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,4%-ға өсті», - деді министр.
Мұнай өндіру 8,4%, газ өндіру 6,1%, басқа да пайдалы қазбаларды өндіру 13,9% өсті.
«Металл кендерін өндіру – 1,2%, тау-кен өнеркәсібіндегі қызметтер – 1,7%, көмір өндіру – 5,7% қысқарды. Аяқталған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6% артты. Оң динамика 19 облыста тіркелді, құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Маңғыстау, Жетісу, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды», - деді Әлібек Қуантыров.
Биыл қаңтар-қыркүйек айларында 11,7 млн шаршы метр пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,6% артық. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары қарқыны Астанада, Ұлытау, Абай облыстарында және Қызылорда облысында байқалады.
Министрдің айтуынша, экономикалық өсуді одан әрі қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылады:
1) егінді жинау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және сақтаудағы ықтимал проблемаларды шешуге жедел жәрдем көрсету;
2) отандық өнімнің экспортын, оның ішінде отандық кәсіпорындардың көліктік-логистикалық инфрақұрылымға қол жеткізуі арқылы белсенді жәрдемдесу;
3) биылға жоспарланған инвестициялық жобаларды мерзімінде аяқтау және оларды алдағы кезеңдерге нақтылау;
4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның маусымдық өсуіне жол бермеу және инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру тиімділігін бақылау;
5) халықты жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралардың тиімді жүзеге асырылуын бақылау, тұрақты жұмыспен қамту үлесін арттыру.