Ұлттық банк 2022 жылы желтоқсанда базалық мөлшерлемені 16,00%-дан 16,75%-ға көтерді. Содан бері 8 ай бойы осы жоғары мөлшерлеме сақталып тұр. Ұлттық банк мөлшерлемені жоғары ұстаудағы мақсаты ретінде инфляцияны азайту және теңгенің өзге валюталарға қатысты бағамын төмендетуді атайды. Қазіргі геосаяси ахуалмен ішкі экономикалық жағдайда қымбатшылықтың былтырғыдан айтарлықтай азайғанын және теңге бағамының тұрақтылығын ескерсек, Ұлттық банк өз мақсатына жете алғанын аңғару қиын емес. 

Базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімді Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті 25 тамызда қабылдайды. Сол отырыста базалық мөлшерлеме аздап төмендетілуі мүмкін. Шамамен 0,25 пайыздық тармаққа төмендетілуі ғажап емес. 

Ал енді базалық мөлшерлемені күрт төмендету керек дейтіндер қатаң ақша-несие саясатының бизнеске үлкен кедергі келтіретінін жиі алға тартады. Яғни, базалық мөлшерлеменің жоғарылығы екінші деңгейлі банктердің заңды тұлғаларға ұсынатын корпоративті несиелерінің де пайызын қымбат етіп жатыр. Тиісінше, кәсіпкерлер өз істерін дамытуға ақша таба алмай отыр деседі. Рас, жоғары мөлшерлемені несиені қымбаттатады, алайда, банктердің несие беруіне кедергі келтіреді деген шындыққа жанаса қоймайды, өйткені, базалық мөлшерлеме қанша болса да банктер экономикаға несие беруге әрқашан мүдделі. Кейбіреулер айтқандай, кәсіпкерлер несие ала алмай банктерден еңселері түсіп қайтып жүр ме? Бұған нақты цифрлармен жауап беруге тырысып көрейік. 

2022 жылы қаңтарда базалық пайыздық мөлшерлеме 9,75 болып тұрды. Біртіндеп жоғарылап отырып жыл соңында 16,75-ке дейін жетті. Ал осы аралықта бизнестің алған несиесі 12% ұлғайған, яғни 2022 жылдың алғашқы айында бизнес 7,7 трлн теңге несие алса, жыл соңында көрсеткіш 8,7 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде әдетте банктер несие алуы қиын дейтін шағын кәсіпкерліктердің несие алуы көбейген. Мамыр айында шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу көлемі шамамен 4 трлн теңгеге жетер-жетпес болса, қазан айында 4,3 трлн теңгеге жуықтаған. Осылдан-ақ былтыр базалық мөлшерлеме 9,75%-дан 16,75%-ға айтарлықтай көтерілгенде бизнес ақшасыз қалғаны былай тұрсын, тіпті банктер несие алуды әжептеуір көбейткен. 

Биыл жыл басталғалы базалық мөлшерлеме өзгерген жоқ. Бұл 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Соған қарамастан, заңды тұлғалар алған несие жыл басынан бері 1,3% көбейіп, 8,8 трлн теңгеге жеткен. 

Мұндай деректерді алдыңғы жылдардың көрсеткіштеріне қарап та таба аламыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайық, 2021 жылы базалық пайыздық мөлшерлеме 9%-дың маңайынан алыс кеткен жоқ. Жыл басында 9% болып, желтоқсанда 9,75%-ға ғана көтерілді. Сол кезде, яғни, 2021 жылдың басында бизнеске шамамен 7 трлн теңге теңге несие берілген. Ал 2022 жылдың басына дейін ол сома 7,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 

Базалық мөлшерлеменің төмендеген кездеріне де тоқталып көрелік. 2016 жылы ақпан айында базалық пайыздық мөлшерлеме 17%-дан 12%-ға бір ақ түсті. Әрине, бұл ақша-несие саясатын жеңілдету керек дейтіндерге өте жақсы жаңалық болды. Жоғарыда айтылғандай, әдетте үкімет мүшелері немесе бизнес өкілдері кәсіпкерлікті қолдауға ақшаның жоқтығын осы базалық мөлшерлеменің жоғарылығынан көретін. Яғни, ондай логикаға салар болсақ, тап осы 2016 жылы банк бизнесті арзан несиемен қарық қылуы тиіс еді. Алайда деректерге қарасақ, ондай емес. Арзан мөлшерлеме болған кезде банктердің экономиканы құлшына қаржыландырғаны шамалы. Бір жыл бедерінде бизнестің еншісіне берілген қаражат 8,6 трлн теңгеден 8,8 трлн теңгеге ғана (3,6%) ұлғайған. Ал мөлшерлеме 9,75%-дан 16,75%-ға бір-ақ көтерілген 2022 жылы бизнестің алған несиесі 12% өскенін жоғарыда айттық. 

Тағы бір айта кетерлігі, біз мұнда тек заңды тұлғалардың несиелеріне ғана тоқталдық, ал шағын кәсіпкерлер көп жағдайда бизнесін дамытуға жеке тұлға ретінде де несие ала береді. Ал жеке тұлғаларға беріліп жатқан несиенің өсім қарқыны бизнестікінен анағұрлым жоғары екені белгілі. 

Одан бөлек, жеке тұлғалар алған әр несиенің де жанама түрде бизнесті дамытуға, яғни экономикаға құйылып жатқанын ескерсек, біздің экономикаға қаражатқа зәру болып отырмағаны анық. 

Сондықтан базалық мөлшерлеме төмендесе бизнес қаржыға қарық болады, нәтижесінде тұралап тұрған экономиканың бойына қан жүгіріп кетеді деу – біздің қазіргі экономикалық жағдайда толық ақиқат етем. Экономиканы тежеп тұрған факторларды басқа жақтан іздеген жөн сияқты. Мәселен, ақша-несие саясатынан ғана көре бермей, бизнестің дамымауын инфрақұрылымның жоқтығынан, халықтың сатып алу қабілетінің төмендігінен, шикізаттың қымбаттығынан немесе қолжетімсіздігінен, әкімшілік кедергілерден, заңның толық жұмыс істемеуінен іздеп көру керек секілді. Бірақ бұл енді басқа мәселе және үкіметтің құзіретіндегі іс.