Жобалар сапалы іске асырылған жағдайда ғана басты салалардағы жобаларды субсидиялау қажет, деп мәлімдеді Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов. Бұл пікірмен ол tengrinews.kz порталына берген сұхбатында бөлісті.
«Ішінара субсидиялау – қалыпты шара. Кейбір басты салалар мен жобаларды субсидиялау қажет деп есептеймін. Бірақ, біріншіден, әрине мұны таңдап жүзеге асыру қажет, яғни салалар бойынша қандай басымдықтар бар екенін нақты анықтап, күш-жігерімізді соған бағыттауымыз керек. Мәселен, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, жер гранттарын беру, салық бойынша жеңілдік беру, тікелей субсидия беру және тағы да басқа», – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, бұл жобалардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуге мән беру шарт.
«Мысалы, біз іске қосқан жоба – шынымен де индустриялық жоба, ол расында импорттық емес, қазақстандық өнімді қамтиды. Әйтпесе, біздің жұмсаған күш-жігеріміз құмға сіңген судай болады. Өйткені біз жобаларды субсидиялау арқылы импортты субсидиялаймыз», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сондай-ақ, Тимур Сүлейменов нарықтық шараларға және әртүрлі жеңілдікті бағдарламаларға деген көзқарасына тоқталып, қаржы және экономика жүйесіндегі «артық» ақша инфляцияға әкелетінін атап өтті.
«Қаржы және экономика жүйесінде артық ақша пайда болса, ол ақшаға сай тауар болмайды, ол барлығын бұрмалап, инфляцияға әкеледі. Дәл сол кезде экономикада қысқа уақытқа созылатын өсім байқалуы мүмкін, бірақ ұзаққа бармайды», – деді ол.