Еліміздің жергілікті бюджеттерінде республикалық бюджеттен түсетін трансферттердің үлесі орта есеппен бүкіл кірістің 57.8%-ын құрайды. 2022 жылдың қорытындысы осындай нәтижені көрсетті. Бұл ретте  Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында олардың үлесі тіпті 70%-дан жоғары. Ал Алматы мен Атырау облыстарында 18%-дан аспайды. 


«Бұл әрине, өте көп. Өкінішке қарай өңірлердің көпшілігі әлі күнге дейін өзін-өзі қамтамасыз ете алмай келеді. Ал қабылданған бюджеттің шығындарын «Ақша жетпеді», - деп, сызып тастай алмайсың. Олар қажеттіліктен туған шығындар. Сондықтан қаржыландыру үшін қосымша қаржы көздерін іздестіруге тура келеді. Солардың бірі – республикалық бюджеттен түсетін трансферттер», - дейді  Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Клара Сейдахметова. 

Оның айтуынша 2022 жылы көлемі жағынан ең қомақты трансферт Түркістан облысына бағытталған – 929.2 млрд теңге (облыс бюджеті кірісінің 85%-ы). Бұл жергілікті бюджеттерге бағытталған бүкіл трансферттің 16.1%-ын құрайды. Айта кетелік, 2021 жылы Түркістан облысына бағытталған трансферттің үлесі жергілікті бюджеттің 86%-ын (757.6 млрд т.) құраған болатын. Еске саламыз, үлес жағынан да рекордтық көрсеткіш осы Түркістан өңірінде 2019 жылы тіркелді – 92% (693.1 млрд т.). 

«Мұны түсінуге болады. Өйткені Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Ол 141 ұйымдастырушылық және іске асыру іс-шараларынан тұрады. Оларды жүзеге асыруға болжам бойынша 3.5 трлн теңге жұмсау көзделген. Мысалы, осы іс-шаралар аясында бір ауысымда Түркістанда 500 адам қабылдайтын 3 денсаулық сақтау объектісін, балалар ауруханасы үшін 190 төсек орындық емдеу корпусын және облыс бойынша 130 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған. Енді бұл жоспардың қалай жүзеге асырылатындығы уақыт еншісінде, - дейді Jusan Analytics талдаушысы.

Екінші орында – Жамбыл облысы. Бұл өңірге жолданған трансферт көлемі 2021 жылғы көрсеткішті қайталап, облыс бюджеті кірісінің 79%-ын құрады (438.3 млрд теңге). Үшінші орында – Шығыс Қазақстан облысы (361.6 млрд теңге). Трансферт облыс бюджеті кірісінің 64%-ына тең болды (2021ж. - 66%). Жаңадан ашылған облыстарды қоспағанда ең аз трансферт алған өңірлер: Маңғыстау және Атырау облыстары: сәйкесінше 138.2 және 124.0 млрд теңге.

«Бұдан басқа, 2022 жылы республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге мемлекет тарапынан 2.0 трлн теңге сомасында жәрдемқаржы да берілді. Ең көп жәрдемқаржы тағы да Түркістан (402.3 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан облыстарына (217.0 млн теңге) жолданды», - дейді К. Сейдахметова. Оның айтуынша 2022 жылы жергілікті бюджеттерден ақшалай алынымдар 490.4 млрд теңгені құрады. Ақша донор-өңірлерден алынады. Бұл әдеттегідей Атырау мен Маңғыстау облыстары, сондай-ақ  Астана мен Алматы қалалары. 

 Айталық, жыл қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің профициті 213.9 млрд теңгені құрады. Кіріс бұрнағы жылмен салыстырғанда 25.5%-ға, яғни 11 трлн теңгеге дейін ұлғайды (жоспар 1.2%-ға артығымен орындалды). Кірістердің ең көп өскені Алматы қаласында (+39.8%), сондай-ақ Атырау (+35.7%), Павлодар (+30.4%) және Маңғыстау облыстарында (+29.7%) тіркелді. 2021 жылмен салыстырғанда бюджеттің кіріс бөлігінің азайғандығы Алматы (-9.2%) және Шығыс Қазақстан облыстарында (-4.2%) тіркелді.  

Ал бюджеттің шығын бөлігі 21.9%-ға өсіп, 10.4 трлн теңгені құрады. Шығындардың ең көп өсімі Астана қаласында (+39.1%), сондай-ақ Павлодар (+30.8%), Атырау (+28.4) және Маңғыстау облыстарында (+21.9%) тіркелді. 

2021 жылмен салыстырғанда шығын бөліктің қысқаруы Шығыс Қазақстан (-23.8%) және Алматы облыстарында (-8.8%) байқалды. Жаңа құрылған облыстар барлығы бірге 679.8 млрд теңге шығындаған. Олардың ішінде ең көп шығын жұмсағаны Жетісу облысы - 333.9 млрд теңге.

Мемлекеттік бюджетке қатысты зерттеу жұмысымен мына сілтеме бойынша толыққанды танысып шығуға болады.