2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен өтімді активтердің 5,8% немесе 1,2 трлн теңгеге өсуі есебінен биыл маусымда 3,9% немесе 2,1 трлн теңгеге ұлғайып (2024 жылдың басынан бері 7,5% немесе 3,9 трлн теңгеге өсіп), 55,3 трлн теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 16,3 трлн теңгені немесе активтердің 29,4%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банктердің меншікті капиталы негізінен биылғы бөлінбеген таза пайданың ұлғаюы нәтижесінде 2024 жылғы маусымда 1,5%, 7,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 9,2% немесе 630 млрд теңгеге өсті). 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,1%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,1%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2024 жылғы қаңтар-маусымда банктердің таза пайдасы 1 157 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,9% көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 4,5%-ды (2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша – 5,0%), капитал рентабельділігі (ROE) 33,3%-ды (2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша – 40,6%) құрады.