Орталық Азиялық жарнама қауымдастығы (CARA) 2022 жылдың алғашқы тоғыз айындағы қазақстандық жарнама нарығын бағалау нәтижелерін ұсынды.
Мамандардың бағалауынша, аталған кезеңде жарнаманың жалпы көлемі ҚҚС-ты қосқанда шамамен 56,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артық.
Тележарнама сегментінде динамика 2% азайып 23 млрд теңгені құрады. Дегенмен, сарапшылар алдағы жылдың соңғы тоқсанында елде өткен президенттік сайлаудың электоралды кезеңі мен қазақстандық жанкүйерлер үшін қолайлы уақытта көрсетіліп жатқан әлем чемпионатына байланысты жақсы серпін көрсетуі мүмкін екенін баса айтады.
Интернеттегі жарнама 19% өсіп 23,2 млрд теңгеге жетті.
«Басты фактор сыртқы саяси оқиғаларға байланысты кейінге қалдырылған жарнама берушілердің белсенділігін қалпына келтіру болды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Интернеттегі өсім салыстырмалы түрде жаңа бағыттардың: TikTok, ықпал етуші маркетинг және бағдарламалық платформалардың дамуымен байланысты екені атап өтіледі.
2022 жылдың үш тоқсанында сыртқы жарнама көлемі 6% көбейіп 9 млрд теңгеге жетті. Оған алкогольсіз сусындардың жарнамалық бюджеттерінің ұлғайғаны әсер етті. Сондай-ақ қыркүйекте қаржы институттары мен тұрмыстық техниканы сатушылардың белсенділігі артты.
Радиода жарнама көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2% азайып 2,5 миллиард теңгені құрады.
Ең үлкен төмендеу баспасөзде бай0алып отыр – 8%. 2022 жылдың үш тоқсанындағы көлем 0,86 млрд теңгені құрады.
«Жағымсыз динамика сегменттегі жарнама берушілердің белсенділігінің төмендеуінің жалпы ұзақ мерзімді үрдісімен де, қазіргі жаһандық саяси және экономикалық оқиғалармен де байланысты», - дейді нарық сарапшылары.