Биылғы қаңтар-маусым айларында экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алғанда, компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да ілеспе қызметтер саласында көрсетілген қызметтердің көлемі бірден 1,5 есе өсіп, 304,95 млрд теңгені құрады. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ФКИ 141,3% көбейді. Көрсетілетін қызметтердің көлемі бойынша бұл сала 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 3-орында, деп хабарлайды energyprom.kz.
Экономиканың бақыланбайтын секторын есептемегенде, биылғы қаңтар-маусым айларында саладағы қызмет көрсету көлемі 304,9 млрд теңгеге жетіп, бір жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Анықтама үшін: өткен жылдың сәйкес кезеңінде өсім 29,9% болған.
Өңірлер бойынша сектордағы қызметтердің жалпы көлемінің жартысынан астамы Алматыда (168 млрд теңге), тағы үштен бір бөлігі Астанада (108,5 млрд теңге) көрсетілген. Сондай-ақ айтарлықтай көлем Қарағанды (6,5 млрд теңге), Атырау (3,8 млрд теңге) және Қостанай (2,8 млрд теңге) облыстарына тиесілі.
Кәсіпорындардың үлесіне компьютерлік бағдарламалау, консалтингтік және басқа да ілеспе қызмет көрсету саласындағы қызметтер көлемінің 94%-ы тиесілі. Оның ішінде 209,9 млрд теңгені шағын кәсіпорындар, 53,7 млрд теңгені ірі, 23,2 млрд теңгені орта кәсіпорындар қамтамасыз етті.
Сала бойынша жеке кәсіпкерлер көрсеткен қызмет көлемі 18,2 млрд теңгені құрады.
Компьютерлік бағдарламалау, консалтинг және басқа да ілеспе қызметтер саласындағы қызметтер құрылымында ең үлкен көлем бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге (29,5 млрд теңге) тиесілі.
Сондай-ақ мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді қалыптастыру және дамыту аясында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды басқару (24,7 млрд теңге) және бағдарламалық қамтамасыз етуді сүйемелдеу (15,9 млрд теңге) қызметіне тиесілі.
Қазақстанның қоныс аудару және іскерлік иммиграция орны ретінде танымалдығы соңғы бірнеше айда арта түсті, деп хабарлайды Хабар24. Геосаяси оқиғаларға байланысты көршілес елдердің IT-кәсіпкерлерінің көпшілігі Қазақстанға көшуді жөн көреді. Елге болып жатқан оқиғалар аясында алғашқылардың қатарында келе бастаған IT мамандары болды, бірақ олар жалақының төмендігіне байланысты жергілікті компанияларға жұмысқа тұруға асықпайды. Оларға Ресейде қашықтан жұмыс істеуді жалғастыру тиімдірек.
Сонымен қатар, биылғы бірінші жартыжылдықта ҚР бойынша компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да ілеспе қызметтер саласындағы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 298,6 мың теңгеден 494 мың теңгеге өсті. Салада жалақының сатып алу қабілеті өткен жылмен салыстырғанда 18,2%, ал жалпы ҚР бойынша 10,9% ғана өсті.