Қазан айында экономикада іскерлік белсенділіктің қалпына келу процесі жалғасын тапты. Бірақ, бұрынғысынша, алтыншы ай қатарынан индекс теріс аймақта қалып отыр. Іскерлік белсенділік индексі жекелеген секторларда жаңа тапсырыстар көлемі мен жұмыспен қамту деңгейінің ұлғаюы есебінен 49,1-ге дейін (қыркүйекте – 48,2) көтерілді.

Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі барлық секторда байқалды. Көрсеткіш тек өндірісте 48,5 болып, шамамен, өткен айдың деңгейінде қалды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде іскерлік белсенділік индексі 50,0 (қыркүйектегі 48,0-ден) белгісіне дейін көтерілді. Көрсеткіш 50-ден төмен болғанына қарамастан, қызмет көрсету және құрылыс секторында индекстің тиісінше 49,2 және 47,5-ке дейін (қыркүйекте 48,3-тен және 46,3-тен) айтарлықтай жақсарғаны байқалды.

Суретті үлкейту

2022 жылғы қазанда ағымдағы бизнес-жағдайларды бағалау соңғы 5 айда алғаш рет оң болды. Алдағы 6 айға арналған болашақ бизнес-жағдайларды бағалау да жақсара түсті.

Нәтижесінде бүгінгі және келешектегі бизнес-жағдайларды орташа бағалауды білдіретін бизнес-ахуал индексі ұлғайды. Ал бизнес-цикл «сағатының» индикаторы шамамен көтерілу аймағынан өсу аймағына өтті.

Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, дайын өнімге деген сұраныс жақсарды. Теріс жауаптардың біршама басым болуына қарамастан, бизнесті қорғау мәселелерін бағалау аздап жақсарған. Бизнес-жағдайларын бағалаудың қалған факторларын (салықтық жүктеме және қаржыға/кредиттерге қол жеткізу) бағалау теріс күйінде қалып отыр.