Жеке тұлғалардың ипотекаға деген сұранысы II тоқсанда біршама төмендеді, ал басқа тұтынушылық несиелерге сұраныс артты, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Ипотекаға деген сұраныстың төмендеуі өткен тоқсандағы несие беру шарттарының күшейтілуіне, сондай-ақ кейбір орташа банктердің қазіргі уақыттағы жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайға байланысты несие беруге деген дайындығының төмендеуіне байланысты. Бұл ретте басқа банктер клиенттер саны мен сапасын аздап арттыру мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде кредиттік өтінімдердің жалпы саны бір тоқсанда 3%, 210 мыңға дейін төмендеді.

Кейбір банктерде несие беру шарттары аздап қатаңдатылғанына қарамастан, кепілмен қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиеге сұраныс өсе түсті. Мұндай өсім осы түрдегі несиені белсенді насихаттаумен, сондай-ақ бірқатар банкте шешім қабылдау және өтінімдерді бақылау процесінің жақсаруымен байланысты. Нәтижесінде келіп түскен өтінімдер саны бір тоқсанда 20% – 46 мыңға дейін өсті.

Банктер маркетингтік шара арқылы клиент тарту нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс артқанын атап өтеді. Бұл ретте банктер несие беру шарттарына айтарлықтай өзгеріс енгізбеді. Осылайша, келіп түскен өтінімдер саны 21,8 млн-ды құрады. Бұл өткен тоқсаннан 1% артық.

Банктердің мәліметінше, серіктес автосалондардың маркетингтік шара мен осындай серіктестер ішінара субсидиялайтын бірқатар акциялық өнімдер ұсынылғандықтан, автокредитке сұраныс артты. Сөйтіп кредиттік өтінімдер саны бір тоқсанда 10% – 997 мыңға дейін өсті.

Ипотекалық өнімдер бойынша мақұлдау коэффициенті өткен тоқсанмен салыстырғанда 7 пайыздық пунктке (40%-ға дейін) өсті. Кепілсіз несие бойынша мақұлдау үлесі 27% деңгейінде сақталды, ал кепілмен қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиелер мен автокредит бойынша тиісінше 5 және 2 пайыздық пунктке төмендеп, 34% және 15%-ды құрады.

2024 жылдың III тоқсанында банктер автокредит пен кепілсіз тұтынушылық несиеге сұраныс артады деп болжайды. Ал ипотекаға және кепілмен қамтамасыз етілетін тұтынушылық несиеге деген сұраныстың артуын күтпейді.

2024 жылдың II тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалап отыру үшін тоқсан сайын жүргізеді.