Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде платформалық жұмыспен қамтуды реттеу мәселелері бойынша, атап айтқанда, жеке тасымалдау қызметтері саласында мемлекеттік органдар мен Қазақстан такси қызметтерінің республикалық қауымдастығы өкілдерінің жұмыс кеңесі өтті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов өз сөзінде осы саланың, әсіресе такси және курьерлік жеткізу қызметтерінің жоғары қарқынына байланысты платформалық жұмыспен қамтуды реттеу құралдарын қазақстандық заңнамаға енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Қазір платформалық жұмыспен қамтуды дамыту үшін кедергілер мен шектеулер жасамай, интернет-платформаларда жұмыс істейтін адамдарды қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне рәсімдеу және тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жақын арада заңнамаға интернет-платформа операторы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы өзара қарым – қатынасты нақты реттейтін түзетулер қабылданады деп күтілуде», деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, вице-министр «Автомобиль көлігі туралы» Заңға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру, атап айтқанда, қызметін интернет-платформаларды пайдалана отырып жүзеге асыратын жеке тұлғаларды такси тасымалдаушысы деп тану қажеттігін атап өтті.
«Бұл жеке тұлғаларға жолаушыларды тасымалдау қызметтерін көрсету үшін интернет-платформамен тікелей келісу құқығын беруге мүмкіндік береді. Қолданыстағы заңнамада такси қызметтерін ресми түрде жүзеге асыру үшін жеке тұлға такси паркі атынан ДК немесе заңды тұлғамен шарт жасасуы қажет», - деді Ақмәди Сарбасов.
Кеңес барысында қатысушылар платформалық жұмыспен қамту саласында әзірленген нормативтік-құқықтық базаны және мемлекеттік органдардың деректер базасы мен ақпараттық жүйелерін және қазақстандықтар жұмыс істейтін танымал интернет-платформаларды интеграциялау бойынша ықтимал цифрлық шешімдерді талқылады.