Жыл басынан бері KASE Индексінің мәні 21,3%-ға 5 077,84 тармаққа дейін өсті.
2024 жылдың 01 сәуіріндегі жағдайға сәйкес KASE Индексін есептеу үшін өкілдік тізім он атаудағы акциялардан тұрады, 01 наурыздан бастап KASE Индексінің есебіне "Эйр Астана" АҚ-ның жай акциялары енгізілді.
2024 жылдың бірінші тоқсанында қайталама нарықтағы индекстік акциялармен мәмілелер көлемі 42,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 13,2 млрд теңгеге төмен. Сауда-саттықтың ең ауқымды көлемі "Эйр Астана" АҚ-ның жай акцияларына тиесілі болып, 8,5 млрд теңгені (индекстік акциялармен сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,0%) құрады.
KASE Индексінің өкілдік тізіміне кіретін соңғы мәмілелер бойынша акциялар бағасының өзгеруі
Индекстік компаниялардың он акциясының жетеуі 2024 жылдың бірінші тоқсанын жасыл аймақта аяқтады. Ең жақсы динамиканы телекоммуникация және қаржы секторларының индекстік компанияларының акциялары көрсетті. Мұнай-газ және энергетика секторлары өкілдерінің акциялары айтарлықтай төмендеді.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ең үлкен өсімді 61,9%-ға өскен "Кселл" АҚ-ның жай акциялары көрсетті. Телекоммуникация секторының өкілі жариялаған 2023 жылдың қаржылық нәтижелеріне сәйкес компанияның 2023 жылғы жалпы түсімі 227,5 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 2,8%-ға ұлғайды. Сервистік кіріс 9,6%-ға өсіп, 190,3 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте таза пайда 7,5 млрд теңгеге төмендеп, 33 млрд теңгені құрады. Таза пайданың төмендеуі өз желісін дамыту мен жаңартуға арналған күрделі шығындардың өсуіне, сондай-ақ бесінші буын байланыс технологиясын қолдануға инвестицияларға байланысты болды.
2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес өсу қарқыны бойынша екінші орынды бағасы 54,2% қосқан "Банк ЦентрКредит" АҚ-ның жай акциялары иеленді. 2024 жылдың 19 наурызында S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Банктің рейтингтері бойынша болжамды "Тұрақтыдан" "Позитивтіге" қайта қарап, Банктің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін "BB-/B"деңгейінде растады.
Үздік үштікті 30,2% өсіммен "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның қарапайым акциялары түйіндеді. "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның шоғырландырылған қаржылық нәтижелеріне сәйкес 2023 жылы таза пайда 21,8%-ға 693,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2023 жылдың пайыздық кірістері 33,8%-ға өсті, ал пайыздық шығыстар 2022 жылмен салыстырғанда 48,6%-ға өсті. Осының нәтижесінде таза пайыздық кіріс 21,1%-ға өсті. 2024 жылдың 19 наурызында S&P Global Ratings болжамды "Тұрақтыдан" "Позитивтіге" қайта қарап, Банктің рейтингтерін "BB+/B"деңгейінде растады. 2024 жылдың 20 наурызында Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингін "Тұрақты" болжамымен "BBB -"деңгейінде растады.
Kaspi.kz АҚ акциялары бір жай акция үшін 57 500,00 теңге белгісіне жетіп, бағасына 26,1% қосылды. Kaspi.kz АҚ Nasdaq арқылы 1 АДҚ үшін 92 АҚШ доллары бағасымен 11,3 миллион американдық депозитарлық қолхаттарды (АДҚ) орналастырып, 1,0 миллиард АҚШ долларын тартты. Kaspi.kz. аудиттелмеген жылдық есептілігіне сәйкес компанияның кірісі 51%-ға, таза пайдасы 44%-ға, активтері 33,2%-ға, міндеттемелері 33%-ға өсті. Бұл ретте компанияның Директорлар кеңесі акционерлерге акция үшін 850 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеуді ұсынды. Акционерлер жиналысы 2024 жылдың 08 сәуіріне белгіленді.
"Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ-ның жай акциялары бірінші тоқсанда бағасынан 0,9% жоғалтты. Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы" АҚ рейтингін "Тұрақты" болжамымен "BBB - "- ден BBB" - ге дейін көтерді. Компанияның 2023 жылдағы өндірістік нәтижелеріне сәйкес Топ бойынша сату көлемі 94%-ға өсті, ал шоғырландырылған еншілес және тәуелді ұйымдарды есепке алмағанда сату көлемі 185%-ға өсті. Компанияның 2023 жылдағы қаржылық нәтижелеріне сәйкес Топтың шоғырландырылған кірісі 43%-ға 1 434,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды, ал таза пайда 23%-ға 580,3 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл өсім сатудың орташа бағасының өсуімен және сату көлемінің өсуімен байланысты.