2025 жылдың желтоқсан айында радиохирургиялық емдеу әдістерінің ақысын төлеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға арналған 7154 өтінім орындалды. Мәселе сәулелік терапияның формалары — гамма-пышақ және кибер-пышақ сияқты әдістер туралы болып отыр (бұл әдістер арқылы ісігі бар науқастарға операция жасалады). Орындалған өтінімдердің жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд теңгені құрады. Бұл туралы DATA-HUB арнасы жазды.
Бір айдың ішіндегі көрсеткіштер зейнетақы жинағын алу бағдарламасы басталғалы бергі нәтижелермен салыстырғанда өте жоғары болып шықты: 1 желтоқсанға дейін бұл санат бойынша төлемдердің жалпы жиынтығы небәрі 507 өтінім (548 млн теңге) болатын. Айта кету керек, бұл белсенділік қараша айында-ақ біліне бастаған: ол кезде 204 млн теңгеге 236 өтінім орындалған еді, ал оған дейін 2025 жылы айлық орташа көрсеткіш 10-ға да жетпейтін.
Айта кетсек, мұндай медициналық мақсаттарға алудың нақты бір санаты бойынша күрт өсім бірінші рет болып тұрған жоқ. Бұған дейін халық зейнетақы ақшасын пластикалық операцияға алып жатқаны хабарланған еді. 2025 жылдың қараша айында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын – яғни, пластикалық операцияларды төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне қатысты 2 277 өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады. Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 33 және 39 есе өскен. Содан кейін Отбасы банк зейнетақы жинағындағы артық ақшаны пластикалық операцияға жұмсауға тыйым салды.
15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының «артық» бөлігін тіс емдеуге пайдалана алмайтын болған еді.
Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалды. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.
Ал қазан айында азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда шамамен 10 есе көп, ал 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы орташа көрсеткіштен 73 есе жоғары.
«Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданатынын мәлімдеді.