2025 жылы бір қазақстандық орта есеппен алкогольді ішімдіктерге 6,4 мың теңге жұмсаған — бұл номиналды түрде өткен жылмен салыстырғанда 14% аз. Ал инфляцияны ескерсек, төмендеу әлдеқайда айқын: жылдық есепте -22%. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлайды.
Әдетте ішімдік жұмсалатын орташа шығын сирек төмендейді. Соңғы 14 жылда мұндай жағдай тек үш рет болған, соның бірі — биыл. Бірақ инфляцияны есепке алғанда, ішімдікке ақша жұмсау соңғы 14 жылда 7 рет азайған.
Айта кетейік, қазіргі 22%-дық нақты төмендеу кемінде 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Нәтижесінде инфляцияны ескергендегі алкоголь шығындары 15 жылдағы ең төмен деңгейге жетті.
20 өңірдің 13-де номиналды шығын азайған. Ең үлкен үлесті Шығыс Қазақстан облысы (-5 мың теңге, 11,1 мың теңгеге дейін) мен Астана (-4,9 мың теңге, 6,2 мың теңгеге дейін) қосқан. Осылайша, ШҚО алкоголь шығыны бойынша көшбасшылықты Қарағанды облысына берді. Бұл өңірде, керісінше, шығын 2% өсіп, 14,2 мың теңгеге жеткен.
Өңірлер арасында айырмашылық айтарлықтай жоғары: мысалы, Қарағанды мен Маңғыстау облыстарының көрсеткіштеріндегі айырмашылық 17 есе. Маңғыстау облысында ең төмен көрсеткіш — 0,8 мың теңге.
Ал темекіге келсек: инфляциясыз есептегенде шығын бір жылда 9% өссе, инфляцияны ескергенде 4% төмендеген. Нақты мәнде төмендеу сегіз жыл қатарынан жалғасып келеді, бірақ қарқыны баяу — жылына орта есеппен -3%. Қазіргі номиналды көрсеткіш — 18,7 мың теңге.
Темекіге ең көп ақша жұмсайтын өңірлер: Ақмола (45,1 мың теңге), Солтүстік Қазақстан (44 мың) және Қостанай (39,7 мың). Ең төмен көрсеткіштер: Шымкент (3,6 мың), Түркістан (4,4 мың) және Маңғыстау (4,4 мың) облыстары.
Ескерту: бұл деректер үй шаруашылықтарының күнделіктері негізінде жиналады. Орташа шығын барлық халыққа бөлінетіндіктен, ол әр адамның нақты шығынын дәл көрсетпеуі мүмкін.