Halyk Bank рейтингі «Тұрақты» болжаммен «Baa1» деңгейінде – Moody's

Halyk Bank рейтингі «Тұрақты» болжаммен «Baa1» деңгейінде – Moody's

2026 жылғы 9 қыркүйекте Moody's Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Halyk Bank-тің ұлттық және шетел валютасындағы ұзақ мерзімді депозиттік рейтингтерін «Тұрақты» болжаммен «Baa1» деңгейінде растады. Сондай-ақ контрагенттің тәуекел рейтингтері мен бағалаулары «Baa1»/«Prime-2» деңгейінде және кредиттік қабілеттіліктің базалық бағасы (BCA) «ba1» деңгейінде расталды.

Рейтингтердің расталуы Moody's-тің банктің тұрақты капитализациясы мен табыстылығына, сондай-ақ өтімділіктің жоғары деңгейіне берген бағасын көрсетеді. 2026 жылғы маусымдағы жағдай бойынша TCE/RWA коэффициенті 18,5%-ды, өтімділік буфері жиынтық активтердің 27%-ын құрады. 2024 жылдан бері банктің орташа активтерінің рентабельділігі 4%-дан асып отыр және агенттік алдағы 12–18 айда бұл көрсеткіштердің жоғары деңгейде сақталатынын күтеді.

Банктің жүйелік маңыздылығы мен клиенттердің жоғары сеніміне негізделген мықты франшизасы жоғары комиссиялық кірістерді, қорландырудың төмен құнын және жоғары рентабельділікті қамтамасыз етеді. 2026 жылғы маусымдағы жағдай бойынша проблемалық қарыздардың үлесі жалпы кредиттік портфельдің 8,6%-на дейін өсті; агенттіктің болжамы бойынша, андеррайтингтің консервативті стандарттары, қарыз алушылардың кредиттік қабілеттілігінің жақсаруы және экономикалық өсімнің жалғасуы аясында активтердің сапасы алдағы 12–18 айда шамамен 8–9% деңгейінде тұрақтанады.

Депозиттік рейтингтердің «Baa1» деңгейінде расталуы банктің жергілікті нарықтағы жетекші ұстанымын ескере отырып, мемлекеттік қолдау ықтималдығының өте жоғары екендігі туралы Moody's бағалауын көрсетеді: 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Halyk Bank банк секторының жиынтық активтеріндегі 28,6% үлесімен Қазақстандағы ең ірі банк.

«Тұрақты» болжам агенттіктің банк активтері бойынша тәуекелдердің бақыланатын деңгейінде оның капиталдандыруының, табыстылығы мен өтімділігінің орнықты сақталатыны туралы күтулерін көрсетеді, сондай-ақ Қазақстанның егемендік рейтингі бойынша «Тұрақты» болжамға сәйкес келеді.