Қазақстандықтардың шетелдегі кирптоәмияндары елге алдырылады

Әлем бойынша қазақстандықтарға тиесілі 1 миллионға жуық криптоәмиян бар. Астана халықаралық қаржы орталығы бұл клиенттерді реттелетін ортаға және лицензияланған криптоплатформаларға тартуды көздеп отыр.

Бұл туралы АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Авторизация және қаржылық технологиялар кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев Үкімет отырысында айтты.

Оның сөзінше, көптеген қазақстандық криптовалютамен операцияларды Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан платформалар арқылы жүзеге асырып келеді.

«Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандықтарға әлем бойынша шамамен 1 миллион криптоәмиян тиесілі. Бұл операциялардың едәуір бөлігі әлі де шетелдік платформаларда жүргізілетінін көрсетеді. Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – осы клиенттерді АХҚО-ның реттелетін ортасына тарту», – деді Еркеғали Еденбаев.

Қазір бес халықаралық криптоплатформа АХҚО-да лицензия алу рәсімінен өтіп жатыр. Олардың екеуі әлемдегі ең ірі 10 криптобиржаның қатарына кіреді.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде МҚАХ арқылы Қазақстанда Binance, Bybit, BigOne және WhiteBIT сияқты ірі криптобиржалар жұмыс істейді.

Лицензияланған нарық 30 есе өскен

Лицензияланған ортадағы криптооперациялардың көлемі де айтарлықтай артқан.

2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың көлемі $10,5 млрд болды. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі $320 млн еді. Осылайша, екі жыл ішінде операциялар көлемі шамамен 30 есе өскен.

Реттелетін криптонарықтағы клиенттер саны да көбейіп келеді:

  • 2023 жылы – 53 мың клиент;

  • қазір – 270 мың клиент.

АХҚО қазақстандықтардың шетелдік криптоплатформалардағы операцияларын лицензияланған және реттелетін ортаға көшіруді көздеп отыр.