Кәсіпкерлер енді барлық мемлекеттік қолдауды бір жерден ала алады

Қазақстанда кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларына өтінім беруге мүмкіндік беретін «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» пилоттық жобасы іске қосылады. Жоба арқылы бизнеске әр мемлекеттік қолдау операторының жеке сайтына кірмей-ақ, бір жүйе арқылы өтінім беруге мүмкіндік жасалады.

Тиісті бірлескен бұйрықты Ұлттық экономика министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірледі.

Пилоттық жоба қалай жұмыс істейді?

Жоба Бірыңғай бизнес-қолдау порталы Bgov және eGov business веб-порталымен біріктіріледі.

Кәсіпкер «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинетіне» заңнамада рұқсат етілген тәсілдердің бірі арқылы авторизациядан өтеді.

Жүйеге кіргеннен кейін пайдаланушыға жеке тұлға және заңды тұлға рөлдері қолжетімді болады. Егер оның тиісті өкілеттігі болса, осы рөлдер арасында қайта авторизациядан өтпей ауысуға мүмкіндік беріледі.

Жеке кабинетте «Мемлекеттік қолдау шаралары» деген бөлім пайда болады.

Ол арқылы кәсіпкер:

  • қажетті мемлекеттік қолдау шарасын іздей алады;

  • қызметтерді санаттар мен операторлар бойынша сүзеді;

  • қолдау алу шарттарымен танысады;

  • қажетті құжаттардың тізімін көреді;

  • электронды өтінім толтыра алады.

Өтінім алдын ала автоматты тексеріледі

Өтінімді жіберу батырмасын басқаннан кейін жүйе алдын ала тексеру және скоринг жүргізеді.

Ол үшін Бірыңғай жеке кабинет «Цифрлық үкіметтің» цифрлық нысандарымен және нақты мемлекеттік қолдау шарасына жауапты операторлардың ақпараттық жүйелерімен деректер алмасады.

Егер кәсіпкер белгіленген талаптарға сәйкес келсе, оған өтінімді әрі қарай толтырып, жіберу мүмкіндігі беріледі.

Ал талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүйе өтінімді беруге кедергі келтіретін себептер туралы хабарлама жібереді.

Кейбір қажетті құжаттар ақпараттық жүйелермен интеграция болған жағдайда автоматты түрде қалыптастырылады. Егер құжатты автоматты түрде жасау мүмкін болмаса, кәсіпкер оны өзі тіркеуі керек.

Өтінімдегі автоматты түрде толтырылған деректерді кәсіпкер тексеріп, қажет болса толықтыра алады. Бұдан кейін қажетті құжаттарды тіркеп, өтінімге электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.

Өтінім «Бәйтерекке» жіберіледі

Қол қойылғаннан кейін Бірыңғай жеке кабинет электронды өтінімді, қалыптастырылған құжаттарды және тіркелген файлдарды «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарына жіберу жүйесі арқылы жолдайды.

Деректер алмасу Bgov Бірыңғай бизнес-қолдау порталымен интеграция арқылы жүзеге асырылады.

Өтінім тіркелгеннен кейін кәсіпкер оның қаралу барысын жеке кабинетінен бақылай алады. «Бәйтеректен» келіп түскен ақпарат негізінде жүйеде өтінімнің өзекті мәртебесі, қаралу тарихы және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

Қарау нәтижесі де жеке кабинетке жіберіледі. Оның ішінде негізделген бас тарту немесе қолдау көрсету туралы хабарлама, сондай-ақ қол қою қажет келісімшарттар мен өзге де құжаттардың жобалары болуы мүмкін.

Кәсіпкерлер операторлардың сайттарына кірмейді

Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларына өтінім беруді «бір терезе» қағидатына көшіру.

Яғни кәсіпкер қажетті қолдау шарасын іздеу, өтінім беру және оның мәртебесін бақылау үшін әр оператордың жеке ақпараттық ресурсына ауысуға мәжбүр болмайды.

Жоба аясында жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік талаптары да сақталуы тиіс.

Пилоттық жобаны енгізу туралы бірлескен бұйрыққа Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Ростислав Коняшкин қол қояды.

Пилот тиісті бұйрыққа мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап 12 ай бойы жұмыс істейді.