Криптовалютамен QR арқылы төлеуге болады

Қазақстандықтар күнделікті тауарлар мен қызметтер үшін цифрлық активтермен QR-код арқылы төлем жасай алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлімдеді.

Жаңа сервисті Binance Kazakhstan және Alatau City Bank бірлесіп іске қосты. Төлем механизмі қарапайым: сатып алушы криптовалютаны цифрлық әмиянынан есептен шығарады, ал сатушының шотына қарапайым қолма-қол ақшасыз төлем ретінде теңге түседі.

«Бүгінде бұл сервис Қазақстан бойынша 5 мыңнан астам сауда нүктесінде қолжетімді. Қазірдің өзінде 100-ден астам транзакция жасалды», – деді Ғиззат Байтурсынов.

Вице-министрдің айтуынша, сервиспен қамтуды одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Келесі кезеңде жүйені Halyk Bank, Freedom Pay және Tarlan платформаларымен интеграциялау көзделген.

Сонымен қатар, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі серіктестерімен бірге күнделікті есеп айырысуда теңгеге байланған стейблкоиндерді енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Осылайша, Қазақстанда цифрлық активтерді күнделікті төлемдерге пайдалану инфрақұрылымы біртіндеп кеңейіп келеді. Сатып алушы криптовалютамен есеп айырысқанымен, саудагер қаражатын теңгемен алады.