General Motors Қазақстанда автокөлік құрастыруды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.
«Дженерал Моторс өз көлігінің бірнеше түрін шағын жинақтау өндірісін ұйымдастыруға ниет білдірді. Менің ойымша, бұл қалыпты жағдай, бұл даму, инвестиция. Олар ішкі нарыққа да, экспортқа да көлік шығаратын болады», - деді Роман Скляр.
Ол көліктердің бағасына да тоқталды.
«Көлік бағасына келетін болсақ, бұл жалпы үрдістер. Бағалар, өкінішке орай, жоғары қарай өзгеріп жатыр. Бірақ автокөлік дилерлерінен келетін бағаны өндірушілердің өздері бақылайды. Ал бізде шығарылатын көліктер толығымен мөлдір схема бойынша шығарылады деп бірнеше рет айттым. Шетелдік өндіруші зауыт өзінің станок жинақтарын, мейлі ол шағын жинақ болсын, мейлі үлкен болсын, делдалсыз бірден зауытқа жеткізеді. Яғни, біз бағаның қандай болып жатқанын көріп отырмыз», - деп түсіндірді Роман Скляр.