Автор: Арайлым Калмухаметова

Соңғы жылдары әлем жұмыспен қамтудың негізгі түрі ретінде фрилансті таңдайтын адамдар санының айтарлықтай өсуіне куә болды. COVID-19 пандемиясы бұл процесті кеңседен тыс жұмыс ұсынатын икемділік пен тәуелсіздіктің артықшылықтарын көрсету арқылы адамдардың арасында фриланстың таралуын жеделдетті. Сонымен қатар, жұмысшылардың жаңа санаты пайда болды ол «сандық көшпенділер»-деп аталады, олар әлемнің әр түкпірінде саяхаттау және тұру үшін қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін пайдаланады.

Қазақстанда фриланс қызмет түрлерінің кең спектрін қамтиды. Бұл санатқа тек дизайнерлер, программисттер және SMM мамандары ғана емес, сонымен қатар курьерлер, такси жүргізушілері, құрылысшылар, сауда өкілдері, яғни азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдардың барлығы кіреді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші орындаушы үшін зейнетақы аударымдарын, табыс салығын және медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті. Алайда, әлеуметтік аударымдар (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін салық және жарна) төленбейді, сондықтан фрилансерлер сырқаттық қағаз төленуінен, жұмысынан айрылған жағдайында МӘСҚ төлемдерінен, декреттік демалыс немесе мүгедектік сияқты әлеуметтік кепілдіктерден айырылады.

Қазақстандағы фриланс жағдайы қандай?

Электронды үкімет мәліметтері порталының 2023 жылдың маусым айында ұсынған соңғы деректерінде, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша орындайтын қызметкерлердің саны Қазақстанда 97 мың 285 адамды құраған. Өңірлер бойынша, Алматыда ең көп 31 мың 533 адам болса, ең азы 255 адам Ұлытау өңірінде тіркелген.


Ұлттық кәсіптер жіктеуішіне негізделген 2024 жылғы дерекке сай фрилансерлердің ең көп саны мына салаларда шоғырланған: білім беру (152 мың адам), сауда және қызмет көрсету (150 мың адам), сондай-ақ бухгалтерлік есеп, күзет және кеңсе жұмысын қоса алғанда басқа салаларда (236 мың адам). Сондай-ақ, медицинада (33 мың адам), көлік жүргізушілері (99 мың адам) және құрылыста (58 мың адам) байқалады.


Фриланстың экономикаға әсері қандай?

Жоғарыда атап өткендей, фриланс және «цифрлық көшпенділер» қазіргі әлемде жұмыспен қамтудың танымал түрлеріне айналуда. Бұл тенденциялар еңбек нарығын өзгертіп қана қоймай, жалпы экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Бұл үдерістерді тереңірек түсіну үшін біз қазақстандық экономист, Tengenomika телеграмм-каналының авторы Ғалымжан Айтқазиннен пікір сұрадық.

Фриланс нарығының қазіргі тенденциялары және «цифрлық көшпенділер», жұмыспен қамтудың осы түрінің өсуіне қандай факторлар ықпал етеді?

Фриланс нарығы және «цифрлық көшпенділер» ұғымы әлемде жұмыспен қамтудың барған сайын танымал түрлеріне айналуда, олардың басты артықшылығы жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін жоғары икемділік пен ыңғайлылық болып табылады.

Мұндай жұмыспен қамтудың көп бөлігі ресми статистиканың назарынан тыс қалады деген мәселе бар. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, ағымдағы жылы фрилансерлердің орташа саны 255-260 мың адамды құрайды. Алайда, бұл бағалау төмен деп есептеймін, өйткені көптеген фрилансерлер шетелдік компанияларда жұмыс істейді, бұл әрдайым жергілікті статистикада ескерілмейді.

Фрилансерлердің табысы олардың қызметіне байланысты да өзгереді. Үкіметтің мәліметтері бойынша, фрилансерлердің көпшілігі білім беру, сауда, мемлекеттік басқару және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында жұмыс істейді.

Қазақстанда фрилансты дамытудың негізгі факторларының бірі белгілі бір жұмыс орнына байланбауға мүмкіндік беретін икемділік болып табылады. Бұл фрилансерлерге жұмысты еркін таңдауға және өзгертуге мүмкіндік береді және фрилансерлік қызметтерге сұраныстың артуын ескере отырып, көптеген жұмыс берушілер үшін қызықты болады.

Фрилансерлік қызметтерді қай секторлар белсенді пайдаланады?

Қазақстанда Фриланс, әсіресе білім беру, сауда және цифрлық қызметтер сияқты секторларда танымал бола түсуде. Фриланстың дамуы жұмыспен қамтудың осы түріне қажетті жағдайлардың болуына байланысты. Мысалы, програмисттер мен оқытушылар өз міндеттерін онлайн және қашықтықтан орындай алады, бұл кеңседе немесе жұмыс орнында болу қажеттілігін жояды. Бұл оларға кез келген ыңғайлы жерден жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Кеңседен тыс жұмыстардың көпшілігі толық жұмыс уақытын қажет етпейді, бұл фриланстың тағы маңызды артықшылығы. Фрилансерлер бір уақытта бірнеше жұмыс берушілерге өз қызметтерін ұсына алады. Қазақстанның жеке IT-компанияларында және мемлекеттік секторында тұрақты қатысуды талап етпейтін маңызды міндеттерді шешу үшін фрилансерлердің қызметтері белсенді пайдаланылады.

Дегенмен, шектеулер де бар. Мысалы, банк секторында киберқауіпсіздік пен тұтынушы деректерін қорғау қажеттілігіне байланысты қашықтан жұмыс істеу әрқашан мүмкін емес. Көптеген банктер қызметкерлердің жұмыс орнында болуын талап етеді, бұл сектордағы фрилансерлердің мүмкіндіктерін шектейді. Басқа салаларда фрилансерлер өз қызметтерін жобалық негізде ұсыну және тұрақты жұмыспен қамтуды қажет етпейтін тапсырмаларды орындау арқылы табысты жұмысын жалғастыруда.

Еліміздің экономикалық өсуіне және бәсекеге қабілеттілігіне қалай әсер етеді?

Мысалы, жұмысынан айырылған жағдайда, фрилансерге тұрақты жұмыс орны бар адаммен салыстырғанда жаңа жұмыс табу оңайырақ. Екінші жағдайда, тұрақты жұмыстан айырылғандар, жұмыссыздық деңгейіне және жалпы экономикаға кері әсер етеді, сонымен қатар жаңа орынды табу үшін көп уақыт қажет. Адам жұмысты тез таба алмаған кезде, ол жұмыссыздар статистикасына түседі, бұл елдің экономикалық жағдайына теріс әсерін береді.

Фриланстың тағы бір артықшылығы-шетелдік компанияларда қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі, бұл сізге жоғары жалақы алуға мүмкіндік береді. Бұл отандық экономикаға оң әсер етеді, өйткені шетелде алынған кірістер ел ішінде жұмсалуы мүмкін. Осылайша, фриланс экономикаға ақша ағынына ықпал етеді.

Дегенмен, жағымсыз жақтары да бар. Мысалы, кейбір шетелдік компаниялар жергілікті мамандардан жұмыс істеу үшін басқа елге көшуді талап етеді. Бұл мидың ағылуына әкеледі, білікті мамандар шетелге жұмыс істеуге кетеді және кірістерін сол жерде жұмсайды, бұл Қазақстан экономикасына пайда әкелмейді. Бұл жағдайда ел өзінің кадрларын жоғалтады және бұл оның экономикалық өсуіне теріс әсер етеді.

Фриланс нарығының болашағы қандай?

Тұтастай алғанда, перспективалар туралы айтатын болсақ, фриланс нарығы маңызды рөл атқармауы мүмкін, өйткені ірі, орта және шағын компанияларда тұрақты жұмыспен қамту әрқашан маңызды болады. Фриланс арқылы орындалмайтын операциялық тапсырмалар мен рөлдер тұрақты жұмыспен қамтуды қажет етеді. Дегенмен, тұрақты жұмыспен қамтуды қажет етпейтін көптеген жұмыстар мен тапсырмалар бар. Мұндай жағдайларда кәсіпорындарға фриланс арқылы қажеттіліктерді жабу тиімдірек болады, бұл фриланстың өсіп келе жатқан танымалдылығын түсіндіреді.

Алайда, фриланстың өсуін мемлекет қолдауы керек, бұл қауіпсіз фриланс пен еңбек нарығының икемділігіне жағдай жасайды. Егер заңнамада көптеген шектеулер болса, фриланс көлеңкеге кетуі мүмкін, бұл мемлекетке теріс әсер етеді, өйткені адамдар өздерінің барлық кірістерін көрсетпейді және салық төлемейді. Мысалы, егер фрилансер ЖК(ИП )құрмаса және жеке тұлға ретінде жұмыс істесе, олар салық төлемеуі мүмкін. Бұл кірістерді көрмейтін және салық алмайтын мемлекет үшін жаман.