Astana International Exchange биржасы 2024 жылғы 4 қыркүйектен бастап AIX-тегі жауапты қаржыландыру өнімдерінің қатарына I-REC (International Renewable Energy Certificate) жаңартылатын энергия сертификаттары енгізілгенін хабарлайды. Биржаның сауда-саттық қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді.

I-REC әлемдегі барлық ерікті жаңартылатын энергия сертификаттары нарығының 99%-ын қамтиды және 50-ден астам елде қолданыста. I-REC сертификаты энергияның жаңартылатын көздерден алынғанын растайды және 1 МВт.сағ таза электр энергиясына сәйкес келеді.

«AIX-те экологиялық құралдардың (Environmental Instruments) іске қосылуы орнықты дамуды дәстүрлі қаржы нарықтарына интеграциялау жолындағы маңызды кезеңді ілдіреді. Қор нарығындағы біздің классикалық құралдарымызбен бірге I-REC сертификаттары сияқты өнімдерді қосу арқылы біз компанияларға қаржылық тиімділікті сақтай отырып, олардың экологиялық мақсаттарына жетуге көмектесеміз. Бұл бастама біздің үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес орнықты дамуды ілгерілетуге деген ниетіміздің айғағы. Біз барлық мүдделі қатысушыларды жаңа сауда сегментіне (Environmental Instrument Market) қосылуға шақырамыз және жыл соңына дейін Қатысушыларымызбен бірге мақұлданған экологиялық құралдар санаттарында биржалық сауда-саттықты іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді AIX Реттеу және комплаенс жөніндегі директоры Евгения Богданова.

«АХҚО-да көміртегі кредиттері, офсеттер, I-REC сертификаттары сияқты экологиялық құралдарға арналған нарықтық тетіктердің іске қосылуы табиғи ресурстарды сақтауға және өмір сапасын жақсартуға көмектесетін жаңартылатын энергия көздері мен инновациялық технологияларға инвестициялар салуды ынталандыру арқылы «жасыл» экономиканың дамуына ықпал етеді. Бүгін Astana Finance Days конференциясы аясында біз Қазақстанда I-REC шығаратын ұйым Ecocert қауымдастығымен меморандумға қол қойдық. I-REC сертификаттары компанияларға өздерінің көміртегі ізін азайтуға, экологиялық есептілікті жақсартуға және экологиялық жауапкершілікке деген бейілдіктерін көрсетуге көмектеседі», – деп атап өтті АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Данияр Келбетов.

АХҚО әкімшілігінің Көміртегі платформасы департаменті жаңа өнімдер саудасы бойынша консультациялық қолдау көрсетеді.