2024 жылғы 5-6 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) жыл сайынғы «Astana Finance Days» (AFD) қаржы конференциясы өтуде. 2018 жылдан бері AFD конференциясы қаржы саласының жетекші сарапшыларын, Еуразия өңірінің инвесторлары мен бизнес-көшбасшыларын біріктіретін басты платформа ретінде қызмет етіп келеді. Жыл сайын 70-тен астам елден 3000-нан астам адам осы маңызды оқиғаға қатысады, бұл оның Орталық Азияның қаржылық өміріндегі мән-маңызын айшықтайды.

Биыл AFD 2024 конференциясы қаржы секторындағы озық технологияларды, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін және қаржының орнықты дамуға және қоғамдағы оң өзгерістерге әсерін талқылау мақсатында «Инновация. Инвестиция. Серпін» тақырыбында өтеді. Бір алаңда мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы саласы мен экономика сарапшылары, инвесторлар мен бизнес басшылары қаржы саласының қазіргі заманғы проблемаларын, үрдістері мен мүмкіндіктерін талқылау үшін жиналады.

Конференцияның алтын серіктестері – Visa, Freedom Broker, KAZ Minerals тобы, күміс серіктестер – Solidcore Resources, Eurasian Bank, MYD Production. Қола серіктестер – Eurasian Resources Group (ERG), Allur, Bitfinex Securities және ITS. Финтех-серіктес – Mastercard.

«Қазақстан халықаралық инвестицияларды тарту үшін зор әлеуетке ие, бірақ әлемдік қаржы нарығында бәсекелестік күннен-күнге күшейіп жатқан жағдайда инновациялық тәсілдер мен шешімдерді енгізу қажет. АХҚО Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына инвестициялар тартуға және қаржы саласында жаңа өнімдерді енгізуге жәрдемдесуге арналған тиімді алаңға айналып үлгерді. Astana Finance Days 2024 – еліміз үшін ғана емес, қаржы әлемінің бүкіл жаһандық қоғамдастығы үшін де өзекті негізгі тақырыптарды талқылау үшін мемлекеттік органдардың, бизнестің және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін жинайтын өңірдегі бірегей алаң. Биылғы конференцияда біз ағымдағы сын-тегеуіріндерді және елдің қаржы секторының ұзақ мерзімді өсуі мен дамуына ықпал ететін жаңа стратегияларды іздеуді талқылаймыз», – деп атап өтті АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.

Конференцияның бірінші күнінде: өңірлік инфрақұрылымға инвестициялардың болашағын қалыптастыру, энергетика мен құрылысты дамыту мәселелері, Орталық Азиядағы орнықты қаржыландырудың жай-күйі, баламалы инвестициялар саласындағы инновациялық инвестициялық стратегиялар, өтпелі кезеңді қаржыландыру, электромобильдерге көшу үшін қолайлы қаржылық ортаны қалыптастыру, активтерді басқарудағы операциялық және әкімшілік қызметті жетілдіру, шығармашылық индустриялардағы дарынды жандарға инвестициялар, адами капиталды дамытудағы жасанды интеллекттің салдары, тәуекелдері мен мүмкіндіктері және тағы басқа тақырыптардағы панельдік сессиялар өтеді.

AFD аясында Қазақстанда алғаш рет АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) ArbitralWomen халықаралық ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған «ХТО: төреліктегі әйелдер күні» іс-шарасы өтеді. Іс-шара халықаралық төреліктегі алуандылық пен инклюзивтілік мәселелеріне арналады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші әйел-төрешілер, ғалымдар мен заңгерлер тәжірибе алмасу және халықаралық төрелік саласындағы әйелдердің алдында тұрған өзекті проблемаларды талқылау үшін жиналады. Энергетика мен құрылыс секторларындағы дауларды шешу, сондай-ақ төрелікті өткізуге арналған стратегиялық орынды таңдау сияқты негізгі тақырыптар қамтылады. White & Case LLP компаниясының серіктесі және халықаралық төреліктегі танымал сарапшы Кэролин Лэммен кездесу басты оқиғалардың бірі болмақ. Жас заңгерлер үшін DLA Piper компаниясының заң қызметі директорының жетекшілігімен халықаралық төрелік саласында құнды білім алуға және дағдыларды игеруге бірегей мүмкіндік беретін практикалық тренинг ұйымдастырылады (өтетін жер – Aiteke bi Hall).

Бұдан басқа, АХҚО креативті индустрияны қолдауда маңызды қадам жасауда. «АХҚО – креативті бизнес үшін тартылыс орталығы» панельдік сессиясында (05.09., 17.00-18.00, Al Farabi Hall) «Венчурлық студиялар туралы» АХҚО қағидаларының қабылданғаны жарияланады. Бұл қадам венчурлық бизнесті реттеу үшін құқықтық база жасайды, ол инновациялық стартаптардың өсуіне және АХҚО шеңберінде олардың ауқымын одан әрі ұлғайтуға жәрдемдесуге бағытталатын болады.  

Венчурлық студия қағидаларының негізгі ерекшеліктеріне венчурлық компанияларды құру үшін заңнамалық база құру, стартаптарды қаржылық және қаржылық емес қолдауға қатысты құқықтық айқындылықты орнату, венчурлық компанияларды құру және венчурлық студиялардың, кәсіпкерлер мен стартаптардың бір-бірімен және жалпы нарықпен қалай өзара әрекеттесетінін түсіндіру кіреді. Қағидалар сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды инкубациялауға, кәсіпкерлерге демеушілік жасауға және жаңа бизнестің ауқымын кеңейту шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін нақты жедел шараларды енгізу арқылы venture studio моделі шеңберінде бизнесті жүргізуді жеңілдетеді.    

«Креативті индустрия әлемдік экономикада барған сайын маңызды рөл атқара түсуде және АХҚО осы саладағы инновациялық жобалар үшін тартылыс орталығы болуға ұмтылады. Жаңа акт кәсіпкерлерге венчурлық студия моделін креативті бизнес-идеяларды инкубациялау және дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Компаниялар жобаларды идеядан бастап минималды өміршең өнім (MVP) сатысына дейін дамыта алады. MVP-ға сәтті қол жеткізілген кезде бұл жобалар нарыққа шығуға дайын тіркелген компанияларға айналады», – деп атап өтті АХҚО әкімшілігінің қаржылық өнімдер жөніндегі басқарушы директоры Данияр Келбетов.

Сондай-ақ, «АХҚО – креативті бизнес үшін тартылыс орталығы» сессиясында (05.09.,17:00-18:00, Al Farabi Hall) TechHub Limited (АХҚО) мен Дубайдың халықаралық қаржы орталығында орналасқан венчурлық студия Truleum Venture Studio Limited арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады. Қол қоюшы тараптар АХҚО инновациялар жөніндегі басқарушы директоры Талғат Аманбаев және Truleum Venture Studio Limited бас директоры Долли Рамая болады. Меморандум АХҚО базасында «Қаржы технологияларының венчурлық студиясын» бірлесіп құруға және іске қосуға бағытталған. Осы меморандумға қол қою Қазақстанда инновациялық технологиялар мен кәсіпкерлікті дамытудағы маңызды қадам болады, стартаптарды табысты құру және елімізде креативті сектордың өсуі үшін жаңа перспективалар ашады.

Осы орайда маңызды жаңалықтың бірі АХҚО-да тіркелген халықаралық тәжірибеге сәйкес алғашқы венчурлік студия құру болады. Бұл стартаптар мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Қазақстандағы венчурлық студияларды дамытудағы маңызды қадам.

«Адами капиталды дамытудағы ЖИ салдары, тәуекелдері мен мүмкіндіктері» сессиясында (05.09., 17:00-18:00, London Hall) АХҚО академиясы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары үшін қаржылық бейіндегі бірегей майнор-бағдарламаларды әзірлеудің басталғаны туралы жарияланады. Жоба академиялық жыл ішінде іске асырылатын болады және қазіргі заманғы қаржылық және экономикалық ландшафттың өзекті сын-тегеуріндеріне сәйкес келетін он мамандандырылған бағытты қамтиды.

«Майнор-бағдарламаларды іске қосу бакалавриат пен магистратура студенттеріне өзгермелі нарық жағдайында сұранысқа ие мамандарға айналдыратын өзекті білім мен құзыреттерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті АХҚО академиясының директоры Айдос Сәкенов.

Бұдан басқа, осы сессиядан кейін де АХҚО академиясы мен Quantum Management Company арасында Қазақстанда мамандандырылған білім беру бағдарламаларын дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.  Тараптар STEM және халықаралық бакалавриат (IB) саласындағы жаңа әдіснамаларды пайдалана отырып, білім беру зерттеулеріне арналған іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруды және өткізуді жоспарлап отыр. Қос тарап Quantum TECH School базасында «Қаржыдағы жасанды интеллект» зертханасын ашуды қоса алғанда, бірқатар бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті, бұл Қазақстанның білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосары анық.

Сонымен қатар, АХҚО-да ETSE.Ltd компаниясы тауар саудасына арналған бірінші көпжақты сауда алаңы лицензиясын алды. Компания Қазақстанда және ТМД елдерінде маңызды экспорттық тауарлармен мәмілелерді кедергісіз жүргізуге ықпал ететін болады. Мұндай алаңды іске қосу АХҚО-ның нормативтік-құқықтық базасын нығайту мен Қазақстанда тауар нарығын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл Қазақстанның халықаралық тауар нарықтарына интеграциялануына ықпал етеді және экономикалық өсуді ынталандырады. Сондай-ақ, жаңа сауда өнімдерін енгізуге, нарықтық ұсыныстарды әртараптандыруға және нарықтың өтімділігі мен ашықтығын арттыруға ықпал ететін болады.

Сонымен қатар, AFD қарсаңында АХҚО басшылығының Ислам даму банкінің, ОПЕК халықаралық даму қорының өкілдерімен, Конго және Зимбабве республикаларынан келген делегациямен кездесулер өтті.