Банк жүйесі арқылы жасалатын түрлі операциялар мен ірі мәмілелердің дұрыстығын, оны орындаушы адамдардың, құжаттарының сәйкестігін, шынайылығын енді Жасанды Интеллект тексеретін болады. Freedom Bank аталмыш қызметті автоматтандырып, жаңа механизмді іске қосқаннан кейін деректерді талдау уақытын екі күннен бірнеше минутқа дейін қысқартпақ. Бұл туралы «Фридом Банк Қазақстан» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов мәлімдеді. Оның сөзінше, жаңа өнім санкция тәуекелдерін азайтуға және басқа қаржы институттарына үлгі болуға мүмкіндік бермек. 

«Соңғы екі жылда Freedom Bank ипотекалық несие бойынша 1,5 миллиондай өтініш қабылдады. Мәселен, осы өтініштерді комплаенс-менеджерлер өздері тексерер болса, бұған шамамен 5-10 жыл уақыт кетер еді. Бұған қоса, ХҚКО-на барып, заңгерлермен, қауіпсіздік қызметкерлерімен бетпе-бет кездесу қажет болар еді. Осы үрдістерден өтемін дегенше, әлем сан мәрте өзгеріп кетуі мүмкін. Технологиялық цифрландырудың мәні де осында», — деді «Фридом Банк Қазақстан» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов. 

Осылайша, банк комплаенс-тексеру процесін жасанды интеллект пен тілдік модельдер арқылы 2-3 күннен 8 минутқа дейін қысқартуға ниеттеніп отыр. Аталмыш жаңашылдық 2024 жылдың қараша-желтоқсанында іске қосылмақ.

«Геосаяси жағдайды ескерсек, біз корреспондент-банктерге қатысты тәуекел аймақта орналасқанбыз. Яғни, біздің аймақтағы барлық төлемдер мықты тексеріледі. Соңғы кездері аударымдар баяу жүре бастады. Егер бұрын бұл үрдіс 2-3 күнге созылса, бүгінде ол бірнеше аптаға дейін созылып кетті», — дейді Айдос Жұмағұлов.

Жұмағұлов өтінімдердің шамамен 80% -ы автоматты түрде тексерілетінін атап өтті. Алайда, ол жасанды интеллекттің адам жұмысын толығымен алмастырмайтынына сенімді.

Комплаенс-тексерулер жүргізетін Жасанды интеллектке бірнеше тілдік модельдер енгізілген. Бірі мәтін, құжаттарын тексерсе, екіншісі — мәміленің мәнін, құрылымын анықтайды. Ал үшіншісі — ел мен құжаттардың түпнұсқалығын саралайды.

Өнім толыққанды іске қосылғаннан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне таныстырылады, сондай-ақ әртүрлі елдердегі халықаралық конференцияларда ұсынылады, — дейді банк өкілі. Осы орайда, Freedom Bank аталмыш жобаның енгізілу тәжірибесін басқа да қазақстандық банктермен бөлісуге дайын.