Қазіргі уақытта әлемде, атап айтқанда Қазақстанда шетел нарықтарында, оның ішінде биржадан тыс Forex валюта нарығында шетел валютасы және өзге қаржы құралдары саудасына жалған қолжетімділікті пайдалана отырып, интернет-алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры – Е.А. Медеу өз бетінше де, брокерлер арқылы да әлемдік сауда алаңдарында өз капиталын көбейтуді көздейтін инвесторлар үшін ақша қаражатының жоғары табысты көзі ретінде Интернет желісінде белсенді жарнамаланатын алаяқтық схемасы туралы айтып береді.

Group 445.png

Мұндай брокерлердің сауда платформалары, әдетте, клиентке биржадан тыс Forex нарығында нақты шетел валюталарына қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Клиенттердің осы компаниялардың шоттарына аударған ақшасы іс жүзінде шетел валютасымен мәмілелер жасау үшін пайдаланылмайды, ал баға белгілеулерін мұндай ұйымдар алаяқтық мақсаттарда дербес шығарады. Бұл қызметтерді, әдетте, Қазақстан аумағында тіркелмеген ұйымдар көрсетеді. Олар клиентке әртүрлі интернет-қызметтер мен сауда платформалары арқылы шетел валютасымен және басқа да қаржы құралдарымен операциялар жасауға қашықтықтан «қол жеткізуді» ұсынады. Көбінесе, мұндай ұйымдар оффшорлық аймақтарда тіркелген және Қазақстан аумағында қашықтан не өкілдіктер, филиалдар не сенімхат бойынша өкілдер арқылы жұмыс істейді, олар клиенттерге кеңес береді және өз қызметтері арқылы қаражатты инвестициялау бойынша оқулар өткізеді.  Бұдан басқа, Қазақстан нарығында сенімгерлік басқару қызметтерін ұсыну арқылы үшінші тұлғалардан ақша қаражатын тартатын жекелеген компаниялар жұмыс істейді.  Бұл компаниялар кейіннен қаржы құралдарына және басқа да мүліктік объектілерге қаражат салады. Бұл ретте, олардың тиісті лицензиялары болмауы мүмкін. Бұл ұйымдар халықтың арасында өз қызметтерін агрессивті түрде жарнамалайды, азаматтардың табыс табуға деген сенімдері мен ниеттерін пайдалана отырып, оларды жаңылыстырады, банктік салымдар бойынша ағымдағы сыйақы мөлшерлемесінен бірнеше есе жоғары кіріс алуды уәде етеді. Бірақ олар ықтимал тәуекелдер туралы ақпаратты жасырын ұстайды.  Көбінесе, клиент «еңбекпен тапқан» кірісті алуға тырысқанда, бұл компаниялар клиентке оның ақшасын қайтарудан жалтарады немесе қандай да бір себептермен клиенттердің шоттарын негізсіз «жымқырады», бұл да осындай компаниялардың алаяқтық әрекеттерінің белгілерін көрсетеді.

Коронавирус пандемиясы жағдайында және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында интернет кеңістігінде алданып қалу тәуекелі айтарлықтай ұлғаюда. Агенттікке халықтан пайда алатынына кепілдік бере отырып жаппай ақша тарту, оның ішінде Forex нарығындағы сауда есебінен тарту белгілері бар ұйымдардың қызметіне жеке тұлғалардың шағымдары мен өтініштері жүйелі түрде түсіп отырады. Мәселен, 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің атына және одан әрі 2020 жылдан бастап Агенттікке Forex-брокерлердің және инвестициялық мақсаттар үшін клиенттерден ақша тартатын баса да лицензияланбаған делдалдардың қызметі мәселесі бойынша 30 шағым және өтініш түсті. Агенттік әрбір жағдайды мұқият талдайды. Зардап шеккендердің өтініштерінен психологиялық қысым жасаудың белгілі бір механизмдері мен тетіктерін атап өтуге болады. Алаяқтық топ Forex нарығында брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асырамыз деген желеумен интернет ресурсын пайдаланушылардың ақшасын алдап алып қояды. Топ сайтты пайдаланушымен электрондық пошта арқылы өзара іс-әрекет жасайды, қалалық жалған нөмірлерден қоңырау шалады, өздерін табысты және перспективасы бар компания ретінде көрсетеді. Кейбір жағдайда назарын әлсірету және өзінің қызметін растау үшін топ ақша қаражатын салу жөніндегі ұсыныспен жалған бизнес жоспарлар жібереді. Пайдаланушы белгілі бір соманы ерікті түрде жібергеннен кейін топ ақшаның әртүрлі себептермен «банкте тұрып қалғанын» және оны шығару үшін белгілі бір пайызды қосымша төлеу қажет деп хабарлайды. Сонымен қатар, алаяқтар психологиялық қысым жасаудың түрлі тәсілдерін қолдана отырып, сайтты пайдаланушыдан қосымша қаражатты алдап алады. Осы тетік пайдаланушы компанияның заңды қызметіне күмәндана және оның заңдылығын тексере бастағанша пайдаланылады. Бірақ осы жағдайда да алаяқтар әртүрлі қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп пайдаланушыға психологиялық қысым жасауды күшейтеді және қосымша жарналар төлеуді сұрайды. Пайдаланушының салған ақшасын қайтаруға ниетін ескере отырып, осы схема бірнеше қайтара іске асырылуы мүмкін. Осы схеманың тетігі және өңдеу пайдаланушының сеніміне және оған қатты психологиялық қысым көрсетуге негізделеді: тіркелмеген нөмірлерден үнемі қоңырау шалады, электрондық хаттар және инвестициялау жөніндегі жалған бизнес жоспарлар жібереді. Осындай хаттар халықаралық банктік брендтердің атынан жиі жасалады және пайдаланушыға психологиялық қысым жасауды күшейтуге бағдарланған».

Алаяқтар клиентке Forex валюта нарығында шетел валютасын сату «құқығын» жиі береді, бұл кредиттік иық арқылы деп аталады. Осындай операциялардың валюталық жұптар құбылмалығының жоғары болуымен айтарлықтай инвестициялық шығын тәуекелдері болады. Бұл ретте клиентке шетелдік заңнама бойынша жасалған шарт ұсынылады, бұл кейіннен даулар мен қайшылықтарды шешуге, сондай-ақ инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге қиындық туғызады.

Аталған субъектілердің қызметі Агенттіктің қадағалау периметрінің шегінен  шығады. Бұдан басқа, азаматтардан түрлі қаржы құралдарына және өзге де мүліктік объектілерге инвестициялар есебінен жоғары табыс алу кепілдігімен ақша тартатын компаниялардың қаржылық (инвестициялық) пирамида белгілері бар. Өздеріңіз білетіндей, мұндай әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңнамасымен тікелей тыйым салынған және Қылмыстық кодекске сәйкес қудаланады».

COVID-19 пандемиясына, халық табысының төмендеуіне байланысты ағымдағы экономикалық жағдай алаяқтық мақсаттарда жоғары пайда алу туралы уәде беру арқылы қаржы ресурстарын тартатын лицензияланбаған делдалдардың әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар санының көбеюіне алғышарттар бар. Осыған байланысты Агенттік Қазақстан Республикасы азаматтарының назарын аталған компаниялармен өзара іс-қимыл жасау кезінде барлық ықтимал тәуекелдерді объективті бағалау қажеттігіне аударады.

Осындай делдалдармен шарт жасасар және олардың шоттарына ақша аударар алдында инвестор, ең алдымен, жалпы қолжетімді көздерде осы компанияның қаржы нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға тиісті лицензиясының бар-жоғын тексеруі тиіс. Инвестор сондай-ақ компанияның тіркеу құжаттары мен қаржылық жағдайын, уәкілетті органның ресми сайтында осы компанияның тіркелгені туралы ақпаратты зерделеуі тиіс. Инвесторға шетел валютасымен және өзге де қаржы құралдарымен сауда-саттық әртүрлі нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен және т.б. ұштасатынын есте ұстау маңызды, демек, кез келген инвестиция нарықты, эмитенттердің қаржылық жағдайын, бағалы қағаздың параметрлерін мұқият талдауды және оған қатысты салмақты шешім қабылдауды талап етеді. Егер Сіз немесе Сіздің таныстарыңыз осы материалда сипатталғандай оқиғаға тап болған жағдайда, алаяқтық фактісі бойынша іс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына және Агенттікке өтініш беруді ұсынамын».

Қазіргі уақытта Агенттік қолданыстағы заңдарға түзетулер мен өзгерістер енгізуге бастамашылық жасап отыр. Олар Агенттіктің лицензиясына ие брокерлер және (немесе) дилерлер ғана Қазақстан аумағында ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) шетелдік валюта және қор нарықтарында мәмілелер жасасу жөнінде қызметтер, сондай-ақ осындай мәмілелерді жасауға байланысты мәселелер бойынша консультациялық және ақпараттық қызметтер көрсете алатындығын көздейді. Бұл заң жобасы әртүрлі деңгейлерде тиісті келісімдерден өтеді.