2030 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит көлемі 35 млн тоннаға дейін ұлғаятын болады. Мұндай көрсеткіштер еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында қарастырылған.
Жаһандық жүк тасымалының қайта бөлінуіне байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің (Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағыты бойынша) инфрақұрылымына жүктеме артты, бұл өз кезегінде «тар» жерлерді анықтауға мүмкіндік берді. Сондықтан қазір баламалы көлік дәліздерін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, 2022 жылдың қарашасында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия өкілдері бір мезгілде осы «тар» жерлерді жою және 2027 жылға дейін TMTM бағытын дамыту үшін «Жол картасына» қол қойды. Ал 2023 жылдың тамызында құжаттардың жаңартылған нұсқасы ұсынылды.
Көлік дәліздерін және транзиттік әлеуетті бірлесіп дамыту мәселелері ҚР премьер-министрінің 2023 жылғы маусымда өткен Грузияға ресми сапары барысында талқыланды. Әлихан Смайылов Қазақстан мен Грузиян ынтымақтастығында транзиттік-көлік секторы шешуші рөл атқаратынын атап өтті, өйткені ірі трансконтиненталдық көлік дәліздері, яғни Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға төте жолдар екі мемлекеттің аумағы арқылы өтеді. Ол аймақтың көлік байланысын арттыруға және транзиттік жағдайларды дәйекті түрде жақсартуға мүдделі екенін атап өтті.
Сондай-ақ бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, былтыр Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Осының арқасында учаскенің өткізу қабілеті 5 есеге дейін ұлғайып, Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдау көлемі артады.
Қазіргі уақытта Алматы станциясының айналма теміржол желісін салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізілуде. Жоба жүзеге асырылғанда Алматы хабына жүктеме 40% азайып, жүкті жеткізу уақыты 24 сағатқа дейін қысқарады.
Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісін салу жоспарланған. Осылайша Сарыағаш станциясындағы жүктемені азайтуға, Мақтаарал өңірін магистральдық теміржол желісімен байланыстыруға, сондай-ақ транзиттік әлеуетті кеңейтіп, Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанға шығуға мүмкіндік артады.
«Достық» және «Алтынкөл» шекаралық теміржол станцияларындағы жүктемені азайту мақсатында, сондай-ақ ҚХР мен ҚР арасындағы өткізуді арттыру үшін «Бақты-Аягөз» теміржол желісін салу жоспарланған.
Ақтау теңіз портында қуаттылығы 300 мың жиырма фут эквивалентке дейінгі Каспий «контейнерлік хабы» құрылып жатыр. Құрық портында қазақстандық «Semurg Invest» компаниясы «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысын бастады. Сонымен қатар Транскаспий бағыттарын дамыту үшін Каспий теңізінде отандық кеме жасау өндірісін құру жоспарланған. 2030 жылға қарай олар паромдар паркін кеңейтіп, танкерлер паркін ұлғайтуды көздеп отыр.
TХКБ дамыту бойынша Жол карталары шеңберінде тарифтік саясат мәселелерімен, жүктерді өңдеумен және маршруттағы көлік процестерін жеңілдетумен айналысатын Бірлескен кәсіпорын құрылды. Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүк тасымалдау уақыты 10-15 күнге дейін қысқарады.
ҚХР-мен TХКБ дамыту, оның ішінде Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік пойыздар туралы Үкіметаралық келісім қол қою сатысында тұр. Құжат TХКБ бойымен жүк тасымалдаудың жылдық көлемін болжау, екі ел аумағындағы жылжымалы құрамды қадағалау бойынша деректермен алмасу, магистральдық құбырлар мен порт инфрақұрылымының өткізу қабілетін қамтамасыз етуде ҚХР-ға ықпалдасуды көздейді.
Бұдан бөлек, жүк тасымалының өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым құру шаралары жүзеге асырылуда. Сиань қ. құрғақ портында қазақстандық логистикалық орталық, Поти портында (Грузия) мультимодальды терминал және Алматы облысында сауда-логистикалық хаб салу жобасы іске қосылды.
Сондай-ақ Еуропалық көлік-логистикалық компанияларды TХКБ қауымдастығының қатарына тарту бойынша да жұмыстар жалғасуда. 2023 жылдың маусымынан бастап Болгарияның Бургас порты TХКБ қауымдастығының ассоциацияланған мүшесі болды. Жыл соңына дейін австриялық «Rail Cargo» тасымалдаушысын, сондай-ақ Германия, Литва және Сингапур елдерінен басқа да жүк операторларын қауымдастық қатарына қосу рәсімдерін аяқтау жоспарланған.
Тағы бір перспективті бағыт – Ресей Федерациясын Иранмен, Парсы шығанағы елдерімен, Үндістанмен байланыстыратын Солтүстік-Оңтүстік дәлізі. Бұл ретте «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» (Солтүстік-Оңтүстік шығыс тармағы) темір жол бағыты Қазақстан аумағы арқылы (Санкт-Петербургтен Мумбай портына дейін. Қазақстан тарапынан Илецк/Озинки, Бейнеу-Өзен-Болашақ) Қытайды Иранмен тікелей байланыстырады. 2023 жылдың 8 айында «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» құрлық бағыты бойынша Иран бағытында 1,4 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 25% артық.
Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыту үшін тараптар инфрақұрылымды және терминалдық қуаттарды жақсарту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді жою және тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізуде. Ресей, Түрікменстан, Иран және Үндістан тараптарымен бірлесіп құжат жобасы әзірленіп, келісу сатысында тұр. Оны жүзеге асыру 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттырады. Автокөлік транзиттік дәлізінің жалпы ұзындығы 13,2 мың шақырым құрайды. Белгілі бір аумақтарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, аяқталуы 2030 жылға жоспарланған.
Көлік шығындарын азайту және шекарадан өту уақытын қысқарту үшін 6 негізгі өткізу пунктін жаңғырту қажет. Бұл тармақ Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пункттерін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары мен Жол картасында көрсетілген. Нүктелердің өткізу қабілеті 3 есеге артып, транзиттік жүктердің өту уақыты 2 есеге қысқарады.