Қоғам және экономиканың секторлары белсенді цифрлана түскен сайын IT қызметін меңгерген сапалы мамандарға деген сұраныс та артып келе жатыр. Осы бос кеңістікті сәл де болса қамтамасыз етіп, келешегін IT-мен байланыстырғысы келетін жастарға демеу болу мақсатында Jusan Singularity IT-мектебі ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдер және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап екі апталық тегін оқу курсын ұйымдастырды. 

13-24 ақпан аралығында өткізілген курсты Apple Trainer Certified сертификатына ие білікті ментор Смағұл Негматов өткізген. Курсқа церебралды сал ауруына, Туретта, Дизартрия синдромына шалдыққан және SOS елдімекеннен шыққан 14-18 жас аралығындағы 17 бала қатысты. Аталмыш курс Apple қолдауымен және Қазақстандағы “iTeacher Academy” Authorized Reseller for Education компаниясымен бірігіп құрастырылды.


Jusan Singularity IT-мектебінің IT бағдарлама және академиялық серіктестік бойынша жауапты маманы Бейбарыс Өмірбаевтың айтуынша, жобаның мақсаты – әлеуметтік осал топтан шыққан балалардың әлеуетін көтеру, олардың қызығушылығын жүзеге асыруға көмектесу. 

«Балалардың ерекше қажеттілігі олардың арманына жету жолында ешқандай кедергі болмауы тиіс. Мүгедектігі бола тұра мықты маманға айналуға болатынын көрсеткіміз келеді. Екі апта уақыт ішінде балалар бағдарламалаудың жалпы негізін үйренді және iPhone-ға арнап өздерінің алғашқы ойындарын жазды. Балалардың оқуға деген құлшынысы өте жоғары. Олар контентке өте аш. Өйткені Астананың өзінде iOS бойынша курстарды аз десек болады. Екі апта уақыттың ішінде балалар өте көп нәрсе меңгеріп, үлкен прогрес жасады», дейді ол. 

Курсқа қатысушылардың бірі – Аружан Жанділдә. Анасы Алмагүл Кетебаеваның сөзінше, осы курсқа келмес бұрын Аружан компьютерді тек қосып қайта өшіруді білген. Ал қазіргі деңгейі – мүлде басқа. Яғни, iOS-қа арналған мобилді қосымшалар жасай алатындай дәрежеде. 


«Jusan Singularity IT-мектебінің осы бастамасы туралы интернеттен көріп, келдік. Аружанға айтып едім, бірден қуана келісті. Қазір оның жасы 18-де. №65 мектепте 11-сыныпта оқып жатыр. Өзі бұрыннан цифрлы журналистикаға қызығып жүрген, енді мына курс ол үшін тіпті қолайлы бола кетті. Смағұлмен сөйлесіп, танысып, оның мінезі де, білім беруге деген ықыласы да бізге қатты ұнады. Осында келмей тұрып Аружан тек компьютерді қоса алатын, ал қазір түрлі бағдарламаларды, кодтарды меңгерді, өзі ойын да жасай бастады. Бұл әрине, үлкен жетістік. Осыдан кейін мамандық таңдауға қатысты ойын да өзгертті. Бұйыртса, бағдарламалау бағытына қарай таңдайтын сияқты. Осы курсты жыл соңына дейін оқысақ деп отырмыз», дейді Алмагүл. 

Ментор Смағұл Негматов біз ең бастысы балаларға бұл өмірде жаңа тыныс, жаңа жол бар екенін көрсеткіміз келеді дейді. 

«Apple Trainer Certified бойынша оқу кезінде бізге «бағдарламалау – инклюзияның жаңа жолы» деп айтты. Сенің қандай адам екенің маңызды емес, сенде ықылас пен құлшыныс болса, онда бағдарламалау маманы бола аласың. Мысалы, Instagram-ның директоры аутизм дертіне шалдыққан азамат. Google компаниясында зағип бағдарламалаушылар өте көп және олар өте мықты мамандар. Apple компаниясында да солай. Сондықтан бастысы ұмтылыс болса, бағындырмайтын белес жоқ», дейді ол. 


Іс-шара барысында курсқа қатысушыларға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Jusan Singularity мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктегі балалар қатысатын бұл оқу курсын әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр. Келесі курс 2023 жылдың 20 наурызында басталмақ. Өтінішті мына сілтемеге өтіп толтыруға болады.

Айта кетсек, Jusan Singularity – қазақстандық еңбек нарығы үшін IT мамандарын дайындайтын Jusan компаниясы тобының білім беру жобасы. Мектеп Астана қаласында орналасқан және ол екі деңгейлі кампустан тұрады. Мұнда тәлім алушылар келесі бағыттар бойынша білім ала алады: Java Backend, Mobile Developer (Android, iOS), Frontend (React), DevOPs. Мектеп заманауи ІТ-инфрақұрылыммен, тұрақты интернетпен және қажетті бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған. Мұнда коворкинг, конференц-залдар, дебифинг алаңдары, ас үй және т.б. бар.