ҚР-да 2022 жылы жеңіл автокөліктер саны 2,9% өсіп, 2023 жылдың басында 3,91 млн дананы құрады. Олардың ішінде 10 жылдан асқан көліктер саны 2,76 млн-ға жетті, бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен бірден 14,7% көп. 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі бір жылда 63,4%-дан 70,6%-ға дейін өсті, деп хабарлайды energyprom.kz.

Оның үстіне ҚР-дағы 10 жеңіл көліктің 5-нің шыққанына 20 жылдан асқан – бұл шамамен 2 млн көлік. Елімізде 10-20 жыл аралығындағы көліктер саны 816 мың.

ҚР-дағы 10 жылдан асқан барлық жеңіл автокөліктердің үштен бір бөлігі тек үш облысқа тиесілі: Алматы облысы (406,6 мың дана), Алматы (310,6 мың) және Шығыс Қазақстан облысы (211,8 мың). Бұл ретте өңірлік автопарктегі 10 жылдан асқан автокөліктердің ең көп үлесі Жамбыл (86,7%), Жетісу (85,9%) және Алматы (84,1%) облыстарында.

Бұл ретте елдегі екі өңірде ескі көліктердің үлесі мұншалықты көп емес. Атап айтқанда, олар Атырау облысы және Астана қаласы, мұнда 10 жылдан асқан автокөліктер автопарктің жартысынан азын құрайды: тиісінше 45,5% және 48,1%.

20 жастан асқан әдбен ескі көліктерге келсек, мұндай көліктердің жартысына жуығы бес облыста: Алматы облысында (317,8 мың дана), Алматыда (177,2 мың), Қарағанды (157, 3 мың) , Шығыс Қазақстан (154,9 мың) және Жамбыл (145 мың) облыстарында.

Бір қызығы, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында 20 жылдан асқан 103,2 мың көлік әлі тіркеуде тұр. 20 жастан асқан тағы 115,9 мың жеңіл автокөлікте мүлде өңір көрсетілмеген.

Еске салайық, биыл елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары жүргізілуде (заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады). Заңдастыру басталғалы 23 қаңтар мен 3 ақпан аралығында 10 мың көлік заңдастырылған.

2022 жылы 10 жылдан асқан 678,6 мың автокөлік тіркелді, бұл осы кезеңде тіркелген барлық автокөліктердің 61,3%-ын құрайды. 2021 жылы олардың үлесі 60% болған.

Бұл ретте оның 430,5 мыңы 20 жылдан асқан көліктер. 2022 жылы ескі көліктердің басым бөлігі желтоқсанда (45,4 мың дана), қазанда (42,9 мың) және мамырда (39,5 мың) тіркелген.