Автор: Диана Назарбаева

2026 жылғы сәуірде қазақстандық банктердің жинақтаушы депозиттер бойынша мөлшерлемесі жылына 20,5%-ға жетті. Ұлттық банктің деректері бойынша, 2026 жылғы қаңтарда жеке тұлғалардың теңгедегі салымдары бойынша орташа өлшемді мөлшерлеме 15,3%-ды құрады, бұл 1997 жылдан бергі тарихи максимум. Рекордтық көрсеткіштер аясында қаржы сарапшысы Бауыржан Мұқанов қазақстандықтарға депозит шарттарын қалай түсінуге және банк таңдағанда нені ескеру керектігін түсіндірді.

Жоғары мөлшерлеме жалғыз өлшем емес

Рекордтық мөлшерлеме салымшыларды тартады, алайда Мұқановтың пікірінше, банк таңдағанда тек пайыз мөлшеріне ғана сүйену жеткіліксіз.

«Депозиттің пайызы көп жағдайда ең басты фактор болады, бірақ тек оған ғана қарамау керек. Ең алдымен банктің қаржылық жағдайына қараған дұрыс. Бұрын Tengri Bank, Астана Банк деген банктер болып, олар банкрот болған, тиісінше салымшылары ақшаларын қайтарып алуда үлкен қиындықтарға ұшырады», – дейді Бауыржан Мұқанов

Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімі ҚДКҚ сайтында (kdif.kz) орналастырылған. Сонда халықаралық агенттіктердің банк рейтингтері де жарияланады.

Номиналды мөлшерлеме мен ЖТСМ: неліктен бұл екі бөлек сан

Жарнамалық материалдарда банктер, әдетте, номиналды мөлшерлемені көрсетеді. Салымның нақты табыстылығын басқа көрсеткіш – ЖТСМ (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі) анықтайды. Оған капиталдандыру енгізілген: есептелген пайыз негізгі сомаға қосылады да, келесі кезеңде де табыс әкеледі. Profinance.kz деректері бойынша, номиналды мөлшерлеме мен ЖТСМ арасындағы айырмашылық, әдетте, 1-2 пайыздық тармақты құрайды. Заңнамаға сәйкес банктер ЖТСМ-ін шартта көрсетуге міндетті.

Finratings.kz басылымы мынадай мысал келтіреді: салымшы 18,4% және 15,6% номиналды мөлшерлемелі депозиттер арасынан таңдап жатқан. Бірінші ЖТСМ-і 20%, екіншісі 16,8% болған. Сонымен қатар, номиналды мөлшерлемесі бірдей екі өнімнің капиталдандыру жиілігі әртүрлі болғандықтан ЖТСМ-і де өзгеше болуы мүмкін.

Нақты санмен есептесек қанша табуға болады?

Digitalbusiness.kz деректері бойынша, 5 млн теңгені айына 100 000 теңге үстемелеп Home Credit Bank-ке салғанда мынадай табыс шығады:

  • 3 айда – 242 623 теңге (ЖТСМ 20,5%)
  • 6 айда – 478 094 теңге (ЖТСМ 19%)
  • 12 айда – 830 270 теңге (ЖТСМ 15%)

Finratings.kz аналитиктерінің бағалауынша, 2026 жылғы сәуірде қысқа мерзімді салымдар (3-6 ай) ЖТСМ бойынша 20%-ға дейін берді, ал жылдық салымдар – 17%-дан аспады. Қалыпты жағдайда банктер ұзақ мерзімді орналастыру үшін жоғарырақ мөлшерлеме ұсынады. Қазіргі жағдай базалық мөлшерлеменің төмендеуін күтумен байланысты: банктер ұзақ мерзімге жоғары міндеттемелерді бекітуге дайын емес.

Депозит түрлерінің айырмашылығы

Қазақстандық банктер депозиттің үш негізгі түрін ұсынады.

Мерзімсіз депозит (талап еткенге дейін): айыппұл шарттарынсыз қаражатқа кез келген уақытта қол жеткізуге болады. Ең жоғары мөлшерлеме ЖТСМ бойынша 16,9%-ға дейін.

Мерзімді депозит: жоғарырақ мөлшерлеме есебіне ақша алуға шектеу қойылады. ҚДКҚ (kdif.kz) деректері бойынша, мерзімінен бұрын алынған жағдайда банк сыйақыны төмендетілген мөлшерлеме бойынша қайта есептейді.

Жинақтаушы депозит: мерзімінен бұрын алуға толық тыйым салу шартымен ЖТСМ бойынша 20,5%-ға дейін ең жоғары табыстылық. Lada.kz деректері бойынша, мерзімінен бұрын жапқанда жинақталған сыйақы толығымен жойылуы мүмкін, ал қаражатты қайтару 30 күнге дейін созылады.

«Таңдау жинақтаудың мақсатына байланысты. Егер нақты жоспар болса бір жылдан кейін көлік, пәтер, тұрмыстық техника сатып алу – жоғары мөлшерлемелі мерзімді депозит дұрыс. Егер қаражат кез келген уақытта қажет болып қалуы мүмкін болса, икемді салым артықшылау», — дейді Бауыржан Мұқанов

Мемлекет нені кепілдендіреді?

ҚДКҚ (kdif.kz) банктен лицензия алынып қойылған жағдайда салымшыларға өтемақы төлейді. Кепілдік мөлшері: теңгедегі жинақтаушы салымдар бойынша – 20 млн теңгеге дейін; мерзімсіз және мерзімді теңгелік депозиттер бойынша – 10 млн теңгеге дейін; валюталық салымдар бойынша – баламасы 5 млн теңгеге дейін. Шек бір банктегі бір салымшыға қолданылады.

«Егер сізде 21 млн теңге бар және бәрін бір банкке салсаңыз, ол банкрот болған жағдайда мемлекет тек 20 млн-ды кепілдендіреді, қалған 1 млн-ды жоғалтуыңыз мүмкін. Мұндай жағдайда қаражатты екі банкке бөліп салған жөн»,  дейді Бауыржан Мұқанов

Қазақстанда банк лицензиясы соңғы рет 2021 жылы Capital Bank Kazakhstan-нан алынды. Informburo.kz деректері бойынша, сол банктің салымшыларының 99%-дан астамы кепілдендірілген сома шегінде депозит ұстап, толық өтемақы алды.

Қазір депозит ашу тиімді ме, күткен жөн бе?

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 2025 жылғы қазаннан бері 18% деңгейінде тұр. 2026 жылғы 24 сәуірдегі отырыста реттеуші оны өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар, 2026 жылғы мамырда икемді салымдар бойынша ең жоғары мөлшерлеме ЖТСМ бойынша 20%-дан 16,9%-ға дейін төмендеді. Finratings.kz аналитиктері мұны жоғары мөлшерлемелер кезеңінің аяқталуының алғашқы белгісі ретінде бағалайды.

«Қазір депозит ашуға тарихи тұрғыдан ең тиімді кезеңдердің бірі. Базалық мөлшерлеме 18%-дан аса қоймайды, керісінше, оның төмендеуі күтілуде, бұл депозит ставкаларының да азаюына алып келеді», — дейді Бауыржан Мұқанов

Finratings.kz бағалауынша, жылдық мөлшерлемені 17% деңгейінде бекіту, төмендеп бара жатқан мөлшерлемелермен қысқа мерзімді салымдарды бірінен соң бірін ашып жатудан тиімдірек болуы мүмкін.

Валюталық салымдар сұранысы азайып барады

«Қазір шетел валютасында қаражат жинау тиімді емес: өткен жыл ішінде доллар керісінше арзандап кетті, ал валюталық депозиттер бойынша пайыздық ставкалар өте төмен»,  дейді Бауыржан Мұқанов

Finance.kz деректері бойынша, 2026 жылдың басында доллар бағамы 501-ден 497,5 теңгеге дейін төмендеді. Кейбір банктер долларлық салымдарды шамамен 0% мөлшерлемемен қабылдайды. Депозиттік портфельдің долларлану деңгейі 20,7%-ға дейін қысқарды.

Шартқа қол қоймас бұрын нені ескеру керек?

«Депозит шарты әдетте стандартты болады, бірақ кез келген құжатқа қол қоярда бәрібір толық оқып шығу керек», дейді Бауыржан Мұқанов

Маман үш негізгі тармаққа назар аударады. Біріншісі: мерзімінен бұрын алу шарттары, жинақтаушы депозиттер үшін бұл жинақталған сыйақыны толығымен жоғалту дегенді білдіруі мүмкін. Екіншісі: номиналды ставка мен ЖТСМ арақатынасы, нақты табыстылықты дәл ЖТСМ көрсетеді, және банктер оны шартта көрсетуге міндетті. Үшіншісі: автопролонгация шарттары, көптеген шарттарда салымды сол кезде қолданыстағы мөлшерлеме бойынша автоматты түрде қайта ашу қарастырылған, ал ол мөлшерлеме бастапқысынан төмен болуы мүмкін.